ҰБТ-ға оқушының орнына өзге адамның кіру фактілері анықталған жоқ – Тестілеу орталығы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру басталған төрт аптадан бері оқушының орнына өзге адамның кіру фактілері анықталған жоқ. Бұл туралы ҚазАқпарат Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

ҰБТ-ға оқушының орнына өзге адамның кіру фактілері анықталған жоқ – Тестілеу орталығы

Негізгі ҰБТ басталғалы бір ай өтті. Бүгінге дейін 229 оқушы тестілеу залына смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті үшін емтиханды тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзған 175 адам аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Біреудің орнына тест тапсыруға кірген бөгде тұлғалар анықталмаған.

Айта кетсек, тестілеу залдарында жасалған видеожазбалар ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін тексеріледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда оқушының ҰБТ нәтижелері жойылады, берілген оқу гранты қайтарылады.

Жалпы, осы төрт аптада мектеп түлектері тестті 169 мыңнан астам рет тапсырған. Оның ішінде талапкерлердің 74% қазақ тілінде, 26% орыс тілінде, 0,1% ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 77% астам талапкер жинай алды. Орташа балл – 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137, оны еліміз бойынша үш оқушы жинады.

«ҰБТ-ның төртінші аптасы аяқталды. Талапкерлер тестілеудің екінші мүмкіндігін тапсыруда. Осы аптада біз IELTS және TOEFL халықаралық сертификаттарын «Ағылшын тілі» бойынша ҰБТ балдарына ауыстыру шкаласын жарияладық. Сондай-ақ, SAT, ACT, IB, A-Level стандартталған тест балдары бекітілді. Осы сертификат иегерлеріне нәтижелерін ҰБТ балына конвертациялауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға төрт аптаның ішінде 486 талапкер қатысқан.

Еске салайық, 2022 жылы ҰБТ тапсыру ережелерін бұзған 19 талапкердің емтихан нәтижелері жойылған болатын.Бұған дейін биылғы ҰБТ-ның үшінші аптадағы қорытындысын жариялаған едік.