ҰБТ-ға жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қолданылды

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат -  Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі БАҚ тарапынан келіп түскен Астана қаласы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ҰБТ тапсырушыларына көрсетілген дөрекілік турасында төмендегі ақпаратты хабарлайды.

ҰБТ-ға жауапты тұлғаларға қатысты  тәртіптік шаралар қолданылды

Аталған факті бойынша Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен министрліктің арнайы комиссиясы құрылған болатын.

Қызметтік тексеріс барысында Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде мектеп түлектерінің ҰБТ-ның бірінші легін тапсыру кезінде Сарыарқа аудандық полиция қызметкерлерінің өз қызметін асыра пайдаланғандығы анықталды.

Сонымен қатар, комиссия мүшелері егер БҒМ қызметкерлері тарапынан полиция қызметкерлерінің өрескел әрекетіне тосқауыл қойылса, мұндай оқиғаның орын алуына жол берілмейтін еді деген ұйғарымға келді.

Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша, 8 маусым күні ҰБТ-ның сапалы өтуіне жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қолданылды.С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде бірыңғай ұлттық тестілеуді өткізуді ұйымдастыру шараларын бақылау жұмысының әлсіреуіне байланысты вице-министр М. Орынхановқа ескерту жасалып, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы С.Ырсалиев пен ҚР БҒМ «Ұлттық бірыңғай тестілеу» орталығының директоры Қ.Әбдиевке сөгіс жарияланды. Орын алған жағдайға байланысты уақытында шара қолданбағаны үшін Қаз агроуниверситеті жанындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы филиалының жетекшісі М. Тоқышев қызметінен босатылды.

«ҚР Білім жіне ғылым министрлігі ҚР Ішкі істер министрлігінің басшылығына ҰБТ өткізу барысында ішкі істер қызметкерлерінің өз қызмет бабын асыра пайдаланғандығы фактісі көрсетілген хат жолдады», делінген министрлік мәліметтерінде.