ҰБТ кезінде балалардың ар-намысына нұқсан келтіру фактісі расталмады

None
None
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Астанадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетте ҰБТ кезінде балалардың ар-намысына нұқсан келтіру фактісі расталмады.

Бұл туралы бүгін Астанада қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қайрат Мұхитов мәлім етті.

Естеріңізде болса, маусымның 1 күні С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте тест тапсырған түлектердің алғашқы легін тексеру кезінде кейбір полиция қызметкерлері жұмыс бабын асыра пайдаланып, мектеп оқушыларын іш киімдеріне дейін тексерді деген шу шыққан болатын.

«Осы факті бойынша тексеріс жүргізіліп, полиция қызметкерлері тарапынан лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі расталмады. Қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты қылмыстық іс қозғалмады», - деді Қ. Мұхитов.

Оның айтуынша, 38 арызданушының басым бөлігі өз арыздарынан бас тартып, шағымды әрі қарай қарастырмауға жазбаша түрде сендірген.

«ҰБТ ұйымдастырушыларының қатысуымен полиция қызметкерлері тыйым салған заттарды сырттай тексеруді темір іздегіш құралмен жүргізген. Қазіргі уақытта қызметтік тексеру қорытындысы бойынша Астана қаласы ІІД Сарыарқа АІІД қызметкерлері ҰБТ өткізуге жауапты тұлғалар тарапынан құқық бұзушылықты болдырмауға шара қолданбағандары үшін тәртіптік жазаға тартылды», - деп атап көрсетті ол.

Соңғы жаңалықтар