ҰБТ кезінде оқушыларды кемсітетін ешқандай әрекет жасалмауы тиіс - СҚО әкімі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Әкімдік отырысында білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындық туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҰБТ кезінде оқушыларды кемсітетін ешқандай әрекет жасалмауы тиіс - СҚО әкімі

Биыл Солтүстік Қазақстанда бітірушілердің 71%-ы ҰБТ тапсырады. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 11% артқан. Балалар бір айда екі рет тест сынақтарын тапсырды. ҰБТ басталғанға дейін тағы екі тестілеу жоспарланған.

«Май айындағы көрсеткіштер бойынша, орташа балл 82,56 балды құрап отыр. Уәлиханов ауданындағы бітірушілер орташа 92,3 балл жинап жатыр. Әзірге бұл ең жоғарғы көрсеткіш. Қызылжар, Ақжар және Аққайың аудандарында да бітірушілер 82 балдан жоғары жинаған. 8 аудандағы орташа балл орташа облыстық балдан төмен болып отыр», - деді Г. Кәрімова.

Биыл алғаш рет бітірушілерге ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға рұқсат етілді. Солтүстік Қазақстан облысында бұл мүмкіндікті ешкім пайдаланбаған.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласы және аудан әкімдеріне ҰБТ-ға дайындық жұмыстарына басшылық етуді тапсырды.

«Бұл психологиялық тұрғыдан алғанда балалар үшін де, ата-аналар өте жауапты кезең. Барынша жағдай жасау қажет. Барлығы да бақылауда болсын, ешқандай кемсіту шаралары болмауы тиіс. Аудандарға өздерің барыңдар, қалай өтіп жатқанын көріңдер», - деді Қ. Ақсақалов.