ҰБТ қорытындысы бойынша «Алтын белгіден» үміткерге 1 балл жетпей қалған жағдайда, оған үздік аттестат беріледі - Ә.Бимендина

АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Биыл Астана қаласы бойынша 3650 түлек мектеп бітірді. Олардың 3383-і, яғни 92,6 % тестілеуге қатысуға ниет танытып отыр. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен.

ҰБТ қорытындысы бойынша «Алтын белгіден» үміткерге 1 балл жетпей қалған жағдайда, оған үздік аттестат беріледі - Ә.Бимендина

Былтырғы көрсеткіш 87% шамасында болған. Бұл көрсеткіштермен бүгінгі баспасөз мәслихатында қалалық Білім департаментінің директоры Әсима Бимендина таныстырды.

Баспасөз мәслихаты барысында Астана мектептері үшін ҰБТ тапсыру күндері маусым 4-і мен 6-сына белгіленгендігі жөнінде айтылды. Тестілеу Қазақ мемлекеттік заң университетінде, С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университетінде және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтетін болады. Маусым айының 5-і мен 7-сі аппеляция күндері ретінде белгіленген. Тестілеуге Менделеев кестесінен басқа бөгде затты анықтауыш құрал ретінде алып кіруге тыйым салынады. ҰБТ барысындағы тәртіптің сақталуын әдеттегідей арнайы бекітілген қызметкерлер қатаң түрде бақылауға алады.

Сондай-ақ Әсима Бимендина биылғы жылғы талаптарға енген өзгерістермен таныстырды. Оның сөзіне сәйкес, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша «Алтын белгіден» үміткерге 1 балл жетпей қалса, оған үздік аттестат беріледі. Бұрынғы талаптар бойынша «Алтын белгіге» үміткер оқушыларға өз білімдерін дәлелдей алмаған жағдайда, үздік аттестат берілмейтін. Биыл Астана қаласы бойынша 178 бала «Алтын белгіге» үміткерлер.

ЖОО түсуге қажетті ең төменгі балл - 50, ал медициналық мамандықтар үшін 55 - балл. Бұл талап өзгермеген.