ҰБТ-нің 50 балдық межесін қарағандылық 398 түлек еңсере алмады
ҚАРАҒАНДЫ. 9 маусым. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) тапсыру кезінде 398 түлек ҰБТ-нің 50 балдық «табалдырығынан» аса алмады, ал алдын ала мәліметтер бойынша орташа балл 78,59-ды құрады.
Бұл туралы қалалық білім беру бөлімінен хабарлады.
Ведомствоның мәліметтерінше, Қарағандыда ҰБТ-ні мектептердің 1700-ге жуық түлегі тапсырды. ҰБТ-ны тапсыру үш жоғарғы оқу орнында ұйымдастырылды және олар 3-5 маусым күндері аралығында өтті.
Алдын ала мәліметтер бойынша, ҰБТ-да Қарағанды мектептерінің түлектері орташа алғанда 78,59 балл жинады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 83 балды құраған болатын.
«Негізінде, төмендеу үдерісі түсінікті. Биыл тест тапсырмаларының базасы толығымен жаңартылды. Түлектер дайындық тестілеу кезінде жаңа тапсырмаларға кезіккен жоқ. Әрине, оларға қиын болды. 78,59 балл объективті болып табылады», - деп есептейді қалалық білім бөлімінің жалпы және орта білім секторының меңгерушісі Ғайни Қарысова.
ҰБТ қорытындылары бойынша Қарағандыда «Дарын» дарынды балаларға арналған мектеп бірінші орында. Оның түлектері орташа алғанда 112 балл жинаған.
Бәрінен көп - 124 балды № 93 гимназиясының түлегі Айгерім Жармұхаметова жинады. № 57 мектеп-лицейінің түлегі одан бір балға аз алды. №№ 38 және 45 гимназиялардың тағы екі түлегі 122 балға қол жеткізді. Үздіктердің бұл «төрттігі» - «Алтын белгіге» үміткерлердің арасында.
«Алтын белгiге» үміткер болған 79 адамның 36-сы өздерінің білім деңгейлерін дәлелдеп шықты. 398 түлек 50 балдық «табалдырықты» еңсере алмады», - деп хабарлады білім бөлімінен.
117 түлек апелляцияға берген. Апелляциялық комиссия олардың 13-ін қанағаттандырды.
Қалалық білім бөлімі қызметкерінің айтуынша, ҰБТ-ның барлық процедурасы «жақсы деңгейде», қандай да бір оқиғаларсыз өткен. «Тестілеу кезінде түсірілім жүргізілді, олар мониторлар арқылы көрсетіліп отырды. Ата-аналар дәрісханалардағы көріністі бақылай алды», - деп атап өтті Г.Қарысова.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен хабарлағандай, тексеру кезінде түлектердің бірінен сәнді жатқызылған шашының арасынан ұялы телефон табылды. Телефон тәркіленіп алынды, бірақ бойжеткен тестілеуге жіберілді.