ҰБТ-ның алғашқы үш күнінің нәтижесі: Ең жоғары балды Қазақстан бойынша 3 түлек жинады

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы үш күнінде Қазақстан бойынша үш түлек қана ең жоғары - 125 балды жинай алды.

ҰБТ-ның алғашқы үш күнінің нәтижесі: Ең жоғары балды Қазақстан бойынша 3 түлек жинады

Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығынан хабарлады.

Олар: Айткенова Әсел Серікқызы (ТЖК 738012008) - «Екібастұз қаласының дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған мектеп-лицейі» мемлекеттік мекемесінің түлегі, тестілеуді академик Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында ұйымдастырылған ҰБТ-ны өткізу пунктінде тапсырды;

Ысқақ Аида Мағадалиқызы (ТЖК 740005036) - «М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған №8 гимназия» КММ-нің түлегі, тестілеуді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ашылған тестілеу пунктінде тапсырды;

Құспанғалиева Ботагөз Романқызы (ТЖК 709028072) - Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының түлегі, тестілеуді Алматы технологиялық университетінде ұйымдастырылған ҰБТ-ны өткізу пунктінде тапсырды.

ҰБТ үшінші күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде ашылған 68 пунктте өткізілді.

Айта кету керек, маусымның 3-і мен 5-і аралығында өткізілген тестілеуге 71592 бітіруші қатысты, оның ішінде қазақ тілінде - 49058 бітіруші, орыс тілінде - 22534 бітіруші.