«ҰБТ - орыс тiлдiлерге оңтайлы болып тұр» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 15 тамыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады, деп хабарлайды « Егемен Қазақстан » газетi « Елбасы қабылдады » атты мақалада.
Басылымның жазуынша, Қазақстан Президенті Үкіметті қайта ұйымдастыру, оның құрамын ықшамдау бизнеске барынша жайлы жағдай жасауға бағытталғанын айтты.
«Осыған байланысты біз тексерулерді қысқартуға бағытталған, кәсіпкерлікті реттеудің мүлде басқа тәжірибесін енгіземіз. Тексерулерге 2015 жылға дейін мораторий жариялағаннан кейін жағдай нашарлаған жоқ: салықтар түсіп жатыр, бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Бұл рұқсат беру жүйесінің көптеген үдерістері, түрлі тексерулердің түгелдей жосықсыз екенін айтып тұр, - деді Мемлекет басшысы», - делiнген материалда.
Автокөлік индустриясы Шығыс өңірі еліміздегі автокөлік өндірісінің 50 пайызын еншілемек, деп жазады «Егемен Қазақстан» кезектi мақаласында.
«Биыл Шығыс өңіріндегі инвестиция көлемі алғашқы жартыжылдықта 126 млрд. теңгеден асып жығылды. Облыстағы инвестициялық ахуалды жақсарту үнемі бақылауға алынған деуге болады. Шикізаттық емес сектор мен ішкі инвестиция тарту бойынша бірінші жартылдықта көзделген жоспарлы индикаторға қол жеткізілді. Алты айдағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылдың баламалы уақытымен салыстырғанда 0,7 пайызға өсті. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, Индустрияландыру картасында жаңа маңызды жобалардың толығуымен өңірдің инвестициялық белсенділігі байқалып отыр. Бүгінде картада жалпы сомасы 685,2 млрд. теңге құрайтын 61 жоба бар. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі - 8 пайыз. Жыл соңына дейін 17,5 млрд. теңгеге 13 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобаларды іске қосу арқылы 1,3 мың адамды жаңа жұмыс орнымен қамтуға болады», - делiнген « Автокөлiк индустриясы » атты материалында.
« Айқын » басылымы өзiнiң бүгiнгi санында белгiлi композитор Темірәлі Бақтыгереевтiң қазасына байланысты толымды материал ұсынып отыр. «Кеше 64 жасынан асқан шағында белгілі сазгер Темірәлі Бақтыгереев дүниеден озды... Мәңгілік ешкім жоқ десек те, ел-жұртына, ұлтына жасаған ақ адал еңбегі арқылы елдің есінде мәңгілікке қалатын тұлғалар болады.
Соның бірі осы Темірәлі аға еді. Тағдырдың талайына көніп, жаны шырқырап жатса да, көкейіне құйылып келіп қалған әнді тасқа басып кетуге ұмтылды. Өмірге құштарлығын үзбеді», - деп жазылған « Тағдырына мойымаған талант едi » атты материалда.
« Айқын » газетiнде « ҰБТ - орыс тiлдiлерге оңтайлы болып тұр » атты тақырыппен мақала жарияланды.
Биыл Ұлттық Бірыңғай тестің білім сынағы ретінде қолданысқа енгеніне - 10 жыл. Арада өткен 10 жыл жүйенің кемшілігін де, жетістігін де алақанға салғандай айқындап берді.
«Орыс және қазақ тілінде білім алған түлектеріміздің де арасалмағын біз ҰБТ нәтижесі арқылы біліп отыратын кезге жеттік. Соңғы кезде қазақ тілінде білім алып жатқан балалардың үлес салмағының күрт өскені байқалады. Себебі биыл ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген балалардың 70 пайызға жуығы - қазақ тілінде білім беретін мектеп түлектері. Елімізде тіркелген 130-дан астам ұлт өкілдері балаларының басым көпшілігінің орыс тілінде білім беретін мектептерде білім алуға тырысатындығына қарамастан қазақ тілінде білім алатын балаларымыздың қарасы көп. Нақтырақ айтсақ, маусым айында өткен ҰБТ - 2014-ке 92 мыңнан астам мектеп бітіруші қатысқан. Олардың 63 мыңнан астамы сынақты қазақ тілінде, 28 мыңнан астамы орыс тілінде тапсырған еді. Саясаттанушы Эдуард Полетаев буыны қатпаған дарынды жас бала болашағын туып-өскен жері емес, тарихи отанының болашағымен байланыстырып қарайтыны заңдылық. Себебі тарих отанның киесі деген ұғымнан жас та, жасамыс та аттап өте алмайды. 2012-2013 жылдары орыс тілінде білім алған балаларымыздың басым көпшілігі Ресей жоғары оқу орындарын таңдаған. Өзбек, тәжік, қырғыз елдерінің жоғары оқу орындарына кетіп жатқан түлектеріміз жайлы да жиі естиміз. Бұл - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жиі айтатындай, қазақтың қазақ жерінен басқа елі де, жері де жоқ екенін тағы да айғақтап тұр. Сондықтан саясаттанушылар мен қоғамтанушылар мемлекеттік білім грантының 5050 пайызын өзгертетін кез келіп жетті дейді. Себебі қазіргі 50 50 тең бөлінісі көп жағдайда орыс тілінде білім беретін мектеп түлектеріне басымдық беріп тұр», - делiнедi мақалада.
Темiртаудың ең танымал заңгерi, «Достасу» медиациялық орталығының жетекшiсi 41 жастағы Майя Блащенко жылжымайтын мүлiктi тартып алумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топты құрды деп айыпталуда. Бұл туралы ресми тiлде жарияланатын « Экспресс К » басылымы хабарлады.
«Қылмыстық топ мүшелерi қайтыс болған кiсiлердiң атынан пәтердi сату-сатып алу жөнiнде жалған келiсiм дайындап, аталған құжаттардың заңдылығын растау үшiн сотқа жүгiнiп отырған. Қарағанды облысының IIД үшi баланың анасы Майя Блащенко аталған алаяқтыққа қатысы бар деп күдiктенiп отыр. Өткен жылдың ақпан айында полицияға 58 жастағы Темiртау тұрғыны оның қайтыс болған ата-анасының пәтерiн бәзбiреулер тартып алмаққа күш салып жатыр деген арызбен шағымданған. «Алаяқтық» бойынша қылмыстық iс қозғалды. Тергеу нәтижесiнде күдiктiлердiң қатарына Майя Блащенко да енген», - дейдi газет. Сонымен қатар оған тергеушiге ауыр дене жарақаттарын салды деген айып тағылуда.
Толығырақ « Адвокат дьявола » атты мақаладан оқи аласыздар.