ҰБТ: талапкерлер қандай пәнді жиі таңдайды
АСТАНА. KAZINFORM – 159 мыңнан астам адам наурыз айындағы ҰБТ тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 76,2%-ы қазақ тілінде, 23,7%-ы орыс тілінде, 124 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҰБТ-да шекті балды 75,5%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балл (5 пән бойынша). Ең жоғары балл — 140, оны Алматы облысының талапкері жинады.
— Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Биология-Химия» комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 17,3%-ы тапсырды. «Математика-Физика» пәндерін 17,1% таңдаған. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 10,5% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация — «Химия-Физика», оны 171 адам тапсырған, — делінген хабарламада.
2025 жылғы наурыз ҰБТ-сының қорытындысы бойынша мектеп түлектері «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 77,9%-ына дұрыс жауап берілген.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында наурыз ҰБТ-сына 386 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.
— ҰБТ өткізу барысында 235 ереже бұзу анықталған. Оның ішінде 85 талапкер смартфон және шпаргалка секілді тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 95 адам шығарылды, ал 55 адамның сертификаты тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ, — делінген хабарламада.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алды. Бұл жолы 22 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың ішінде 17 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.
Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Естеріңізге сала кетсек, наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысты.
Айта кетелік ұлттық бірыңғай тестілеу қағидалары өзгертілген еді.