«ҰБТ тапсырмалар базасын қалыптастыру құпиясы» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 1 маусым, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

 «ҰБТ тапсырмалар базасын қалыптастыру құпиясы» - баспасөзге шолу

***

«Сарыла күткен жазғы демалыс та келіп жетті. Түлектердің көңілдері орындарына түсіп, барлығы мектеппен қоштасу кешін күтіп жүр. Еліміздегі басты емтихан өткеннен кейін Ұлттық тестілеу орталығында да жұмыс аяқталды деп ойлап қалуға болады. Бірақ олай емес. Міне, тура осы мəселе төңірегінде бүгін сөз қозғамақпыз»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «ҰБТ тапсырмалар базасын қалыптастыру құпиясы» атты мақалада.

Еліміздегі білім беру жүйесіндегі барлық сыртқы емтихандар мен мониторингтер түрлерін ұйымдастыру жəне өткізуге арнап тест тапсырмаларының базасын қалыптастыру ҰТО-ның негізгі мақсаты болып табылады. Оларға ұлттық бірыңғай тестілеу, талапкерлерді кешенді тестілеу, оқу жетістіктерін сырттай бағалау, жалпы орта білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау, педагог қызметкерлердің біліктілігін тестілеу, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі (Қазтест), жоғары білімнен кейінгі білім алуға қабылдау емтихандары жатады. Жоғарыда аталған əр емтиханға жеке дара тест тапсырмаларының базасы қалыптастырылады. Осы орайда «Орта білімге арналған тапсырмалар базасын кімдер қалыптастырады?», деген сұрақ туындауы мүмкін. ҰТО-да жыл бойы 200-ден астам қызметкер еңбек етеді жəне олардың əрқайсысының атқаратын белгілі бір міндеттері бар. Сіздер осы мақалада жаңа тест тапсырмасына өмір сыйлайтын, ҰТО-ның қызықты бөлімшесі, Орта білім берудегі тест тапсырмаларын қалыптастыруды ұйымдастыру басқармасы туралы ақпарат аласыздар.

                                                                                                         ***
«Айқын» газетінде «Жаз айларында туристер саны артады» атты мақала жарияланды. Табиғаты тамылжыған, туристерді тамсандырар орындары баршылық Алматы облысында биылғы жазда туристер саны артады деген үміт үлкен. Әсіресе, Түркиямен екі арадағы алауыздықтан соң онда барып демалудан бас тарта бастаған Ресей елінің демалушылары Жетісу жеріндегі айдын көлдерді жағалайды деген болжам бар. 

- Біз жаз айларында демалу үшін Жетісу өңірін таңдаға­ндарды дұрыстап қабылдауға барлық дайындықты жасап отырмыз. Алматы облысында жазғы демалысты ұйымдастыру үшін қажетті және талапқа сай инфрақұрылым бар, - деп мәлімдеді Өңірлік коммуни­кациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Ж.Алчимбаева. 

Жақында ғана жасалған мо­ниторинг мәліметтеріне сәйкес, облыста туристерді қабылдайтын 563 нысан (статистикалық мәлі­меттер бойынша 306) есепке алынған. Олардың қатарында былтыр қолданысқа берілген 26 туризм нысаны да бар.     
Жасырары жоқ, бұрындары еліміздегі көрікті орындар мен айдынды көлдерге жетуге жолдың жағдайы көп кедергі келтіретін. Соңғы жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында облыстың бірнеше аудандары арқылы өтетін республикалық маңызы бар Алматы - Өскемен (249 шақырым) және Батыс Еуропа - Батыс Қытай (облыс бойынша 304,4 шақырым) авто­мобиль жолдарын қайта жаңғырту мен құрылысы бойынша жоба­лардың жүзеге асуы бұл мәселенің біртіндеп шешілуіне ықпал етті. Осы жолдардың бойларынан жолаушыларға сервистік қызмет көрсететін нысандар ашуға қатысты жобалар қолға алынған. Қазіргі кезге дейін «Батыс Еуро­па - Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында жол бойындағы сер­вистің 7 нысанын құру жоспарла­нып, 4 нысан бойынша инвестор­лар анықталыпты. 

Осы газетте «Алманың түп атасы Алатау мен Тарбағатайда өскен» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Бүгінгі тұлпарлардың түп атасы жабайы жылқыларды алғаш қазақтардың үйреткені, әлем халқының талғамынан шыққан кәдімгі алмалардың түп атасы Қазақтың Алатау мен Тарбағатай тауларында өскені жайлы деректер дәлелін тауып, дүниежүзіндегі осы салаларды зерттеушілерді мойындатқанын ақпарат құралдарындағы деректерден оқып жүрміз. 

«Алматы облысының шығысына таман созылып жатқан Жоңғар Алатауы сілем­дерінде жабайы алмалар әлі күнге өседі. Әсіресе, бұрынғы Үйгентас ауданының аумағында өте жиі кездеседі. Шығыс Қазақстанның Үржар ауданы да - жабайы алманың отаны атанған өңірдің бірі. Ендігі мақсат - сол қолда барды жоғалтып алмай, дамыту, қорғау. Осы орайда, Талдықорған қаласында  «Қазақстанның жабайы алмалары - әлемдегі алмалардың мәдени түрлерінің түп атасы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткенін айта кеткен жөн», - деп жазады басылым.

***

«Казахстанская правда» газетінде «Антибиотики европейского стандарта» деген мақала берілген. «Химфарм» АҚ-да ұнтақ антибиотиктердің өндірісі пайдалануға тапсырылды, осы арқылы Қазақстанда халықаралық сапа стандарттары бойынша осы дәрі-дәрмек түрінің өндірісін құру аяқталды. Ампула мен инфузияларды өндіру кәсіпорны іске қосылғаннан кейін, бұл өз кезегінде SANTO компаниясын дамудың жаңа деңгейіне шығаратын ауқымды инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру аясында тағы бір қадам болып табылады.