Учаскелік медицина мамандарына үстемеақы төлеуге жыл сайын 300 млн доллар бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада медициналық-санитариялық алғашқы көмектің тиімділігіне арналған халықаралық конгресте медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы айтты.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен денсаулық сақтау саласындағы түрлі қызмет мамандарының жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді.
– Келесі кезеңде, яғни 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін учаскелік қызметтің 77 мыңнан астам маманына үздіксіз еңбек өтілі үшін үстемеақы төленеді. Бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 300 млн АҚШ доллары бөлінеді, – деді министр.
Ақмарал Әлназарова бұл бастаманы Мемлекет басшысы қолдағанын, тиісті қаржыландыруды Республикалық бюджет комиссиясы бекіткенін атап өтті.
– Үстемеақы мөлшері үздіксіз еңбек өтілінің ұзақтығына байланысты болады. Бұл тетік мамандардың кәсіби тәжірибесін бағалауға, ең бастысы, оларды алғашқы буында сақтап қалуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін медицина қызметкерлерінің жалақысы қаншаға өсетінін жазғанбыз.