UCI президенті: «Астана - әлемдік брендке айналды»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Брайан Куксон ресми іс-сапармен Астанаға келді.

UCI президенті: «Астана - әлемдік брендке айналды»

Бұл оның халықаралық спорт ұйымының басшысы қызметіндегі ең алғашқы сапары болып отыр. Британиялық Брайан Куксон 2013 жылы қыркүйекте президенттікке сайланғаннан кейін Астананы Азияға сапары кезіндегі баратын алғашқы қаласы ретінде белгілеген.

«Астана - осы спорттағы адамдар үшін белгілі бір брендке айналып үлгерді. Астана - бұл өмір қуатының нәрі, мұнда дамудың нағыз қызған шағы жүріп жатыр. Соңғы кезде Азияда, әсіресе Қазақстанда велоспорттың дамуына үлкен көңіл бөлінуде. Бұл қуантпай қоймайды», - дейді Б.Куксон бүгін өткізілген баспасөз мәслихаты барысында.

Сондай-ақ, Брайан Куксон өзінің Қазақстанға сапарын Астана мен Қарағанды қалаларында өтіп жатқан велоспорттан Азия чемпионатына арнайтындығын атап өтті.

«Бүгінгі шаралардан кейін мен Алматыға бет аламын. Онда бірқатар ресми тұлғалармен жүздесуді жоспарлап отырмын. Сонан соң, мен бүгіндері Азия чемпионаты өтіп жатқан жерге - Қарағанды қаласына барамын», - деді UCI президенті.

Айта кетейік, велоспорттан 34-ші Азия чемпионаты мен жасөспірімдер арасындағы 21-ші Азия чемпионаты Астана мен Қарағандыда 21 мамыр мен 2 маусым аралығында өтеді.