Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясындағы жобаларға жауапты менеджер-маман заң алдында да жауапты болмақ

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Еліміздегі жобаларды басқарудың ұлттық жүйесі туралы тұжырымдамасына сәйкес Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясындағы әрбір жобаға кәсіби менеджер-маман бекітілетін болады.

Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясындағы жобаларға жауапты менеджер-маман заң алдында да жауапты болмақ

Ол жобаның жүзеге асуы үшін жауап бермек. Бұл туралы бүгін Үдемелі индустрияландыру жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы аясында журналистерге сұхбат берген Жобаларды басқарудың ұлттық жүйесі туралы тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Арман Евниев мәлім етті .

Оның айтуынша, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолға алынып жатқан жобалардың 15-20 пайызы ғана табысты аяқталуда, яғни жұмыс толығымен және уақытында атқарылды. Ал қалған жобалар аясында уақыт шегеріліп, бюджет қайта қаралады. Мәселен, өткен жылы АҚШ-тың Жобалық қауымдастығы қабылдаған манифестте осы елдегі экономикалық жобалардың 80 пайызы қайта қаралып, қосымша қыруар қаржыға өзгертілгендігі туралы ашық айтылған.

«Сол себепті біз ондай жағдайды Қазақстанда болдырмауға тырысуымыз керек. Осы орайда жобаларды басқарудың ұлттық жүйесіне көшуді көздейтін тұжырымдама елімізде жобалық әріптестікті дамытып, осы салада арнайы қауымдастықты құруға және осы жұмысқа кәсіби менеджер-мамандарды кеңінен тартуға мүмкіндік береді», - дейді А.Евниев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде жобаларды басқару стандарттарына сәйкес экономика саласындағы бағдарламалар мен жобаларға белгілі бір адам жауап беруі тиіс. «Қазіргі кезде бізде қолға алынған жобалар үшін жергілікті билік органдары, министрлік пен сан алуан комитеттер жауап береді. Қолда бар заңнама осы мәселені қажетті деңгейде реттей алмай отыр. Онда жобаны басқарудың нақты жолы көрсетілмеген. Мәселен, Қытай мен АҚШ-та белгілі бір жобаға жауап беретін менеджер-мамансыз мемлекет тарапынан ешқандай қаржы бөлінбейді. Бізге осы тәжірибені енгізіп, әрбір бағдарламаға, әрбір жобаға бір адамды бекіту қажет. Еліміздегі жобаларды басқарудың ұлттық жүйесі туралы тұжырымдамасы осыған негізделіп отыр», - деп атап көрсетті А.Евниев.

Жұмыс тобының жетекшісі атап көрсеткендей, қазіргі кезде Қазақстанда арнайы жобалау курстарынан өткен 200-ден астам маман бар. Бірақ олар тек көмекшілер ретінде ғана жұмыс істей алады. Ал жобаларға жетекшілік ете алатын кәсіби 6 адам ғана бар. «Жобаға жауап беретін менеджер-маман заң алдында да жауапты болмақ», - дейді ол.