Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы жобаларының жартысы мемлекеттік экологиялық сараптамадан өте алмаған - Қоршаған ортаны қорғау министрі

АСТАНА. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы жобаларының тек жартысы ғана мемлекеттік экологиялық сараптамадан оң қорытынды алып шықты.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясындағы жобалардың экологиялық мәселелері талқыланған дөңгелек үстелде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мәліметінше, бүгінгі жағдай бойынша, 194 жобаның 99-ы экологиялық сараптамадан өте алды. 13 жоба зерттеуден өтіп жатыр. Ал 82 жоба қоршаған ортаны қорғау органдарымен келісім жасамаған. Экологиялық кодекс бойынша, жобалар экологиялық сараптамадан өтпеген жағдайда ары қарай қаржыландырылмайды, іске асырылуына тыйым салынады.

Осыдан бір ай бұрын ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жобалардың экологиялық құрамдауыштарына мұқият назар аударуды тапсырған болатын.

Соған орай ұйымдастырылған бүгінгі жиын барысында ведомство басшысы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын әзірлеу аяқталып қалғандығын және онда қарастырылып жатқан жобалардың экологиялық мәселелеріне өте мұқият көз тігу керектігін ерекше атап өтті. «Қазіргі таңда қандай да бір нысанды тездетіп өткізіп, одан жедел түрде экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу ниеті басым. Соның ішінде ол жобалардың ұзақ мерзімді мәселелер болғандықтан, көп көңіл бөлінген дұрыс. Үкіметте қаралған жобалардың тек жартысы ғана экологиялық сараптамадан оң қорытынды алып шыға алды», дейді министр.

Отырысқа Индустрия және сауда, Қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің өкілдері, «Нұр Отан» ХДП-нің мүшелері және мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.

Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты - Индустрия және сауда, Қоршаған ортаны қорғау ведомстволары арасындағы ықпалдастықты күшейтіп, осы мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстарды бірлескен түрде үйлестіру болып табылады.

Соңғы жаңалықтар