Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша энергетика саласында 13 жоба жүзеге асырылуда
АЛМАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биылғы жылдың аяғында Ақшабұлақ ГТЭС-і мен Мойнақ ГЭС-нің құрылысы аяқталады.
Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан "Инновациялар, энерго және ресурсжинақтау технологиялары электрэнергетика саласын жаңартудың негізі" деп аталатын энергетикалық форумында айтылды.
"Қазіргі таңда электрэнергетика саласында 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 13 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде кейбір нысандар аяқталды. Атап айтқанда "Атырау" жылу электр орталығын кеңейту және қайта құру, Алматы қаласы Алматы облысында 4 кіші станса салу, "Ақсу ГРЭС-1" 2-энергоблогын қалпына келтіру, Орал ГТЭС құрылысы. Енді жыл соңына дейін Ақшабұлақ ГТЭС-і мен Мойнақ ГЭС-інің құрылысы аяқталады", - дейді Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев. Оның айтуынша, жобалық қуаты 300 МВт болатын Мойнақ ГЭС-нің Қазақстанның оңтүстігін энергиямен қамтамасыз етудегі маңызы өте зор. Бұл ТМД елдері аумағында тұңғыш рет жүзеге асырылып отырған бірегей жоба.