Үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалатын қаржы 50 миллиард АҚШ долларынан асады

Бұл туралы бүгін аталмыш бағдарламаға дайындық жұмыстарын қорытындылауға арналған Үйлестіру кеңесінің отырысында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш бағдарламаға жұмсалатын қаржының біраз бөлігі, яғни инфрақұрылымдық нысандармен байланысты жобаларға қажетті қаржы бюджеттен бөлінетін болса, тағы бір бөлігі «Самұрық-Қазына» қорының ресурстарынан алынады.
«Сондай-ақ тағы Еуропалық банк пен Еуразиялық даму банкі және Қазақстанның даму банкі сияқты банктерден бөлінетін қаржы бар. Бұған қоса қазақстандық және шетелдік компаниялар тарапынан тікелей инвестициялар тартылатын болады. «Жалпы бағдарламаны жүзеге асырудағы басты мақсат елімізге шет мемлекеттерден инвестиция тарту. Біз Кедендік одақ аясында өзгелерден жедел, жан-жақты әрі бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Меніңше, нақты мақсаттары мен міндеттері бар біздің бағдарлама инвестиция тартуға бағытталған тамаша мүмкіндік», деді Ә.Исекешов.