02:13, 12 Наурыз 2017 | GMT +5
УЕФА футболды дамыту үшін Қырымға миллион еуро бөлді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропалық футбол қауымдастығының одағы (УЕФА) Қырымның футболын дамытуға 1 миллион еуро бөлді. Бұл туралы жұма, Қырым футбол одағының (ҚФО) сайтында хабарланды.

Осы күні ұйымның штаб-пәтері орналасқан Швейцарияның Ньон қаласында өңірдегі осы спорт түрін дамытудың өзекті мәселелері талқыланған отырыс өтті.
«УЕФА қырымдық футболды дамытуға 1 миллион еуро бөлсе, Еуропалық футбол қауымдастығы одағының өкілдері Қырым футбол одағымен түрлі жобалар төңірегінде ынтымақтастық жасауға дайын екендіктерін жеткізді», - делінген ҚФО баспасөз қызметінің хабарламасында.
2016 жылдың қараша айының соңында ҚФО өзінің футбол командасын құру туралы шешімді жариялады. Оның құрамына 24 спортшы мен алты қызметші кірді.