УЕФА тарапы әрдайым ҚФФ-ке қолдау жасайтынын мәлімдеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - УЕФА атынан байқаушы Жак Бондаллаз Сейілда Байшақовты Қазақстан Футбол федерациясының басшысы болып тағайындалуымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«УЕФА Президенті мен Бас хатшысы атынан ҚФФ жаңа президентін құттықтағым келеді. Сейілда Байшақов - қазақстандық футболдың аңызы. Ол Кеңес Одағының футболдан ең мықты лигасында 7 маусым өткізді. КСРО құрамасында өнер көрсетті, оның ішінде Мажарстан құрамасына қарсы іріктеу ойынына қатысты, ҚФФ вице-президенті болды. Сондықтан да оның алдағы жұмысына табыс тілеймін. УЕФА әрдайым сіздерге көмек қолын созуға және қолдауға әзір екенін ұмытпаңыздар. Осы орайда бізге кез келген мәселе бойынша жолыға аласыздар, оның ішінде клубтарды лицензиялау, заңгерлік және басқа да шаралар аясында көмегімізді ұсына аламыз»,-деді Бондаллез ҚФФ XIV кезектен тыс сайлау конференциясында
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Қазақстан Футбол федерациясының жаңа президенті болып Сейілда Байшақов сайланды. Оның осы қызметтегі өкілеттігі 2020 жылдың 28 қарашасына дейінгі мерзімге белгіленді.