UEFA Жасөспірімдер лигасында «Қайрат» командасы нешінші орында келеді

АСТАНА. KAZINFORM — 2025/26 жылғы маусымдағы UEFA жасөспірімдер лигасының VI турынан кейін жалпы кезеңдегі қорытынды турнир кестесі белгілі болды. 

UEFA Жасөспірімдер лигасында «Қайрат» командасы нешінші орында келеді
Фото: «Қайрат» ФК

Бұл ойындарға ережеге сәйкес 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатыса алады. Аталған тур 9-10 желтоқсан күндері өткізілді. Алты турдан кейін 16 ұпай жинаған Англияның «Челси» командасы академиясының тәрбиеленушілері көш басында келеді. Одан кейінгі орындарда 15 ұпаймен Португалияның «Бенфика», Бельгияның «Брюгге», Испанияның «Реал Мадрид» және «Вильяреал» клубтары тұр.

Қазақстандық «Қайрат» академиясының футболшылары жалпы кезеңнің қорытындысы бойынша 4 ұпаймен 28-орынға табан тіреп, 1/16 финалға жолдамадан тыс қалды. Олар грекиялық «Олимпиакос» жасөспірімдерін (2:0) жеңіп, даниялық «Копенгаген» клубымен (2:2) тең ойнады.
Сондай-ақ олар Португлаияның «Спортинг» (2:3), Испанияның «Реал Мадрид» (1:4), Кипрдің «Пафос» (1:3), Италияның «Интер» (0:3) жасөспірімдер командаларынан жеңіліп қалды.

Алматылық жас футболшылар Германияның «Бавария» академиясы командасымен бірдей ұпай жинады. Дегенмен олардан доп айырмасы бойынша төмен тұр.

Қазақстандық клуб жастарынан төменгі орындарға 4 ұпай жинағанына қарамастан доп айырмасы нашар «Аталанта» (Италия), «Пафос» (Кипр), «Галатасарай» (Түркия), «Юнион Сент-Жиллуа» (Бельгия), «Арсенал» (Англия) клубтары орналасқан. Ал бірде-бір ұпайға қол жеткізе алмаған «Ньюкасл» (Англия), «Буде Глимт» (Норвегия), «Карабах» (Әзербайжан) клубтары соңғы орындарды місе тұтып тұр. 

Еске салсақ, Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің алтыншы турында алматылық «Қайрат» елордада грекиялық «Олимпиакостан» 0:1 есебімен есе жіберді.