ҰЭМ: Халықты «ақылды» экономикаға қамту сұранысы артады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адами капиталды дамыту Қазақстанның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы жоспарының негізгі бағыты болып отыр. Бүгін «Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары» туралы ашық пікірталаста Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осылай мәлім етті. Ашық пікірталас «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҰЭМ: Халықты «ақылды» экономикаға қамту сұранысы артады

«Біздің қазіргі нәтижелеріміз де жаман емес, Қазақстан 188 елдің ішінде адами капиталдың дамуы бойынша 56-ы орында тұр. Еліміздің демографиялық ахуалы да жақсы, 18 млн халқымыз бар. Біз жас мемлекетпіз, сонымен бір мезгілде біздің «ақылды» экономикамызда қазір шамамен экономикалық белсенді халықтың 11 пайызы тартылған. Ал жоспарлы үлгіміз, біздің трендіміз бойынша енді алдағы 5-7 жылда шамамен экономиканың жаңа салаларына халықтың тартылу сұранысы 20-25% құрайды», - дейді министр Сүлейменов.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы жоспары аясында экономиканың ағымдағы және келешек сұраныстарын, мемлекеттің білікті мамандарға қажеттілігін қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл жерде білім жүйесін экономиканың жаңа сұраныстарымен байланысын нығайту да өзекті.

«Осы бағытта бірқатар маңызды міндеттерді шешу қажет. Атап айтқанда, халықты тұтастай білім жүйесімен қамтамасыз ету, жұмысшы біліктілері бойынша техникалық және кәсіби біліммен тегін оқыту мүмкіндігін қанағаттандыру, білім беруді жаппай цифрландыру, әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасында еңбек өнмділігін арттыру жұмыстарын жалғастыру секілді міндеттерді орындау маңызды», - деді Ұлттық экономика министрі. 

Айта кетейік, ашық пікірталас алаңында сарапшылар Стратегиялық жоспарға қатысты өз көзқарастарын да білдірді. Мәселен, «Назарбаев Университеті» АҚ вице-президенті Қанат Байғарин құжат адами капиталды дамытудағы барлық қажетті элементтерді қамтығанын жеткізді.

«Жалпылама алсақ, біз қазіргі күні өтпелі кезеңде тұрмыз: бізге адами капиталды дамытудың интеллектуалдық компонентіне өту керек. Бұл ретте Стратегиялық жоспарда жасалған ұсыныстар қоғамның жаңа жағдайына өтуіне қатысты маңызды құрамдастарды қамтыған», - деді Байғарин.