ҰЭМ Қазақстан бизнесі үшін ең проблемалы бес саланы атады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2022 жылдан бері бизнестің проблемалық мәселелерін шешу аясында 631-ден астам мәселе қаралды. Оның 300-ден астамы бойынша нақты шешім қабылданған. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.

социальное предпринимательство бизнес гранты
Фото: Kazinform

— 2022 жылдан бастап бизнестің проблемалық мәселелерін шешу аясында 631-ден астам мәселе қаралды. Оның ішінде 300-ден аса мәселе бойынша нақты шешімдер қабылданып, іске асырылды, — делінген Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта жұмыс топтары 24 отырыс өткізіп, «Атамекен» ҰКП көтерген 180-нен астам мәселе мен ұсынысты қараған.

— Бүгінгі таңда жұмыс топтары 24 отырыс өткізіп, жер пайдалану, теміржол көлігі, экология, өнеркәсіптік қауіпсіздік, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау, сауда қызметі, байланыс, коммуникация және мемлекеттік-жекешелік әріптестік салаларындағы бизнестің проблемалық мәселелері бойынша «Атамекен» ҰКП-ның 180-нен астам мәселесі мен ұсынысын қарады, — деп атап өтті ведомство.

Сонымен қатар министрліктің мәліметінше, қаралған мәселелердің басым бөлігі өнеркәсіпке қатысты. Оның үлесі 21,6% болды.

Агроөнеркәсіптік кешен мәселелері — 14,8%, сауда — 7,6%, салық салу — 4,7%, энергетика — 4% құрады.

— Олардың бір бөлігі ведомствоаралық келісуді, нормативтік-құқықтық өзгерістерді немесе кезең-кезеңімен іске асыруды талап етеді. Үкімет бизнестің көтерген мәселелерін жүйелі түрде пысықтап, оларды шешу бойынша жұмысты тұрақты негізде жалғастырып жатыр, — деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда шағын бизнесті субсидиялау шарттары өзгеретінін жазғанбыз.