ҰЭМ темекіні шектеуге қатысты өз ұстанымын білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі темекіні сатуға және шегуге шектеу қою мәселесіне қатысты өз ұстанымын жеткізді. Бүгінде аталған меморган отандық бизнесті дамыту шараларына да жауап береді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыповтың айтуынша, министрлікке темекіні шектеуге қатысты құжаттар түскен жоқ. Онсыз аталған меморган тиісті шараларды қабылдай алмайды.

«Әрине, ең алдымен кәсіпкерлердің ондай шектеуден қандай шығын көретінін есептеп шығару қажет. Себебі, кез келген шектеу кезінде бизнесмендер қатты шығындалады. Сондықтан кәсіпкерлердің шығындарын есептеп, ондай бастаманың нақты пайдасын көрмей, шектеу енгізген дұрыс емес сияқты. Негізі, ондай мәселе кәсіпкерлік кодексте де көрсетілген. Сөз жоқ, текмекіге қатысты шектеу жан-жақты зерделенеді. Содан кейін ғана оны заңға енгізу, я болмаса, алып тастау мәселесі шешіледі. Осы орайда бизнес қауымдастығын аталған мәселені қызу талқылауға шақырамын. Өйткені сараптаманың өзі бірлесіп жасалады», - деді А.Жақыпов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, жақында «Атамекен» ҰКП «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекстің жобасын қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Атап айтқанда, кодексте білім мекемелерінен 100 метр қашықтықта темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған. Бұдан бөлек, темекі өнімдерін сөреге қоюға болмайды. Ал шағын сауда орындары (ауданы 10 шаршы метрге дейінгі) темекіні мүлдем сата алмайды.

«Атамекен» ҰКП таратқан ақпаратқа сәйкес, 10 шаршы метрге жетпейтін шағын дүкендерге темекі өнімдерін сатуға тыйым салса, мыңдаған сауда орындары банкротқа ұшырайды. Себебі, оларға тиесілі табыстың 30-40 проценті темекіден түседі. Ал «100 метрлік шектеу» республика бойынша сауда орындарының 80 процентін, нақты айтқанда, 49 000 шағын және орта бизнес өкілдерін шығынға батырады.

Бұдан бөлек, кодекс жобасына қоғамдық жерлерде темекі шегуге қатысты бірқатар шектеулер енгізілді.

Соңғы жаңалықтар