ҮЕҰ-лар арасында жыл сайынғы сыйақы тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі 2017 жылғы 1 қыркүйекке дейін үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйақыны беру үшін өтінімдерді қабылдауды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыйақылар әлеуметтік-маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген үкіметтік емес ұйымдарға берілетін болады.
Оның ең төменгі мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) екі мыңға еселенген көлеміне тең. Бір номинация бойынша сыйақы бір немесе бірнеше үміткерге беріле алады, мұндай жағдайда қаражат жеңімпаздар арасында тең мөлшерде бөлінеді.
Сыйақылар ҮЕҰ-ның институционалдық дамуына, ұйымның жарғылық мақсаттарына, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, ұйымның материалдық базасын арттыруға бағытталатын болады.
Байқауға қатысуға Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген барлық үкіметтік емес ұйымдарға рұқсат етіледі.
Марапат жыл сайын 15 номинация бойынша тапсырылмақ.
Алғашқы сыйақы келесі бағыттар бойынша тағайындалады: білім беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу; азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау; қоршаған ортаны қорғау; жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау; демография проблемаларын шешу; гендерлік проблемаларды шешу және т.б.
Толық ақпаратпен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің сайтында танысуға болады.