ҮЕҰ өкілдері фандрайзинг негіздері жайында білімдерін жетілдіруде
АЛМАТЫ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда қазақстандық және халықаралық ұйымдардан қаржылай қолдау iздестiру жолында жергiлiктi ҮЕҰ-дың әлеуетін жоғарылату мақсатына арналған «ҮЕҰ үшін фандрайзинг негіздері» атты семинар-тренинг өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандағы экологиялық бағдарламаларды iске асырудағы қоғамның атсалысуын жоғарылату бағытындағы жобаны Еуропалық одақтың қаржыландыруымен арнайы мамандар өткізуде. Ұйымдастырушылардың пікірінше, ҮЕҰ-дың жетістігі тартылған қаржыландыру мөлшеріне, тұрақтылық пен олардың қаржылай көмек көрсететін әрiптестерiнiң сенiмдiлiгiне байланысты.
Шара барысында фандрайзинг негіздері жайында мәліметтер беріліп, донорлық ұйымдардың негізгі талаптарын сақтай отырып қаржылай қарым-қатынас жасау туралы сөз қозғалып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
Қазақстандағы табиғи ортаны қорғау бағдарламаларын iске асырудағы қоғамның бірлесе атсалысу әрекетін нығайтуға арналған екі күндік семинар IBPP ТАСИС жобасы аясында өткізілуде. Бағдарламаға Еуроодақ 152 444 еуро бөлген, EcoIDEA қоғамдық қоры мен Milieukontakt International (Нидерландия) халықаралық ұйым арқылы жүзеге асырылуда.
Семинарға Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларының ҮЕҰ өкілдері қатысуда.