UFC, бокс, еркін күрес, каратэ, хоккей, шахмат: ел спортшыларының жетістігі

Өтіп бара жатқан жыл ішінде қазақ спортшыларының ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері көп болды. Әлемдік додада атой салған отандастарымыздың бағы жанғандары жеңіс тұғырынан көтерілсе, бабы келмегендері жеңілістің ащы дәмін де татты. Осы орайда Kazinform Қоян жылын қорытындылап, оқырман назарына спорттағы саңлақтарымыздың ірі жеңістерін ұсынады.

спорт
Коллаж: instagram.com/shavkatrakhmonov94, instagram.com/janibek_alimkhanuly, instagram.com/rr1zabek, instagram.com/moldir_zhangbyrbay, gov.kz, instagram.com/alisher.suleymenov
Шавкат Рахмонов
Фото: Шавкат Рахмоновтың Іnstagram-парақшасы

UFC-дегі қазақтар

Бүгінде әлемдегі ең танымал лига саналатын UFC-де өнер көрсетіп, жетістіктерімен отандастарының қошеметіне бөленген Асу Алмабаев, Дамир Исмағұлов, Жалғас Жұмағұлов, Азат Мақсым, Сергей Морозов, Мария Агапова сынды саңлақтарымыз бар. Ал олардың ішінде Шавхат Рахмоновтың шоқтығы биік болып тұр. 17 желтоқсан күні ғана АҚШ төрінде өнер көрсеткен отандасымыз америкалық файтер Стивен Томпсонмен жекпе-жекке шығып, екінші раундта қылқындыру әдісімен қарсыласынан басым түсті. Осылайша Шавкат Рахмонов спорттық мансаб жолында 18-ші, ал UFC-дегі 6-шы жеңісіне қол жеткізді. Бүгінге дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған Шавкат қазіргі уақытта аталған лига белбеуінің басты үміткерлерінің бірі саналады. Осы жылдың наурызында Рахмонов 17-ші кездесуінде жеңіске жеткеннен кейін AMC Fight Nights League президенті Камил Гаджиев оның UFC чемпионы болу мүмкіндігіне баға берген болатын.

«Шавкат өте әдемі келе жатыр, әдемі көрінеді, жақсы сөйлейді. Жалпы, оның бойында чемпиондық белбеу үшін күреске қажеттінің бәрі бар. Бірақ, тағы да айтамын, мәселе ол сияқты мықтылардың тағы үш-төртеуі бар екендігінде. Олардың қайсысы мықты? Мен бұл Шавкат болады деп ойлаймын. Оны алдағы жылы білетін боламыз», — деген еді Гаджиев.

Айта кетерлігі, Шавкат Рахмоновтан бөлек биыл Асу Алмабаев UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін америкалық тәжірибелі файтер Оди Осборнге қарсы өткізген болатын. Тартысты өткен кездесудің 2 раундында отандасымыз қарсыласын қылқындыру әдісімен ұтқан еді. Бұл — Алмабаевтың ММА-дағы 18-ші, ал UFC-дегі алғашқы жеңісі.

Тағы бір отандасымыз Азат Мақсұм да (16-0) UFC-дегі алғашқы кездесуін америкалық файтер Тайсон Нэмге қарсы (21-13-1) өткізді. Бұл ең жеңіл салмақтағы өткен кездесу болатын және ол үш раундқа есептелді. Жекпе-жекте төрешілердің шешімімен Азат Мақсұм жеңіске жетті. Осылайша, ол ММА-дегі кәсіби мансабында 17-ші жеңісіне қол жеткізді.

Әлем чемпионымен жекпе-жек: Жәнібек Әлімханұлына ұсыныс түсті
Фото: Top Rank

Кәсіпқой бокстағы қазақ стилі

Кәсіпқой бокс шаршы алаңында жасындай жарқырап, қарсылас шақ келтірмей жүрген боксшылардың бірі — Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 9 КО). Ол қазан айында АҚШ-тың Техас штаты Розенберг қаласында өткен бокс кешінде өнер көрсетті. WBO және IBF санаты бойынша орта салмақта екі белбеу сарапқа салынған жекпе-жекте Жәнібек қарсыласы неміс боксшысы Винченцо Гуальтьериді 6-раундта техникалық нокаутқа жіберіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Осыдан кейін отандасымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.

«Жәнібек Әлімханұлын WBO және IBF тұжырымдарынан әлем чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жектегі жарқын жеңісімен құттықтаймын. Жәнібек қазақ бокс мектебінің жоғары деңгейі мен мықтылығын әлемге тағы да паш етті. Бұл жеңіс бокспен айналысатын жастарды биік белестерді бағындыруға ынталандырады. Сізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін. Жеңістен жеңіске жете беріңіз!» — деп жазды Президент X (бұрынғы Twitter) парақшасында.

Жәнібек Әлімханұлы Винченцо Гуальтьериді жеңгеннен кейін бір ауыз сұхбат беріп, алдағы жоспарларымен де бөліскені есте.

«Бұл — қазақ стилі, біз оны тарихта қалдырғымыз келеді. Қазір менде екі нұсқа бойынша чемпиондық атақ бар. Ендігі кезекте дивизиондағы бүкіл төрт белбеуді жинағым келеді. Оны Top Rank ұйымдастырса, мен оған дайынмын», — деген еді Жәнібек Әлімханұлы.

Ризабек Айтмұқан
Фото: ҚР ҰОК

Еркін күрестен тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы

Осы жылдың 18 қыркүйегінде Сербия астанасы Белград қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты аяқталды. Осы байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғаған Ризабек Айтмұқан барлық кездесулерде қарсыластарынан басым түсіп, еркін күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды.

Ризабек Айтмұқан финалға дейін алдымен венгриялық Балаж Юхасты 13:3 есебімен жеңсе, одан кейін түркиялық Фейзулла Актюркті 11:0 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда грузиялық Мириани Майсурадзеден басым түсті. Ақтық сында әзержайжандық Осман Нурмагомедовтен айласын асырып, чемпиондыққа қол жеткізді.

Таяуда Ризабек олимпиадалық салмақ саналатын 97 келіге ауысты. Енді ол 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамыз аралығында Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғайды. Қазақ балуанының олимпиадалық салмаққа ауысқаны туралы жаңалық жарияланғаннан кейін Бүкіләлемдік күрес ұйымы (UWW) әлеуметтік желіде болашағынан үміт күттіретін үздік бес балуанды атады.

«Жұлдызы енді жанып келе жатқан осы бес балуанға назар салу керек. Олардың қайсысы Олимпиада медалін бірінші болып жеңіп алады?» — делінген жазбада.

Сонымен UWW ұйымының үздік балуандар тізіміне Ризабек Айтмұхан, бахрейндік Ахмед Тажудинов, әзербайжандық Хасрат Жафаров, жапониялық Акари Фуджинами мен америкалық Амит Элор кіріп отыр.

Мөлдір Жаңбырбай
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Тәуелсіз Қазақстанның каратэден тұңғыш әлем чемпионы

30 қазанда Мажарстан астанасы Будапеште WKF каратэден өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Нақтырақ айтқанда, 50 келіге дейінгі салмақта жрыс жолына шыққан Мөлдір Жаңбырбай барлық қарсыласын қапы қалдырып, тәуелсіз Қазақстан тарихында ел қоржынына ересектер арасында WKF каратэден алғашқы алтын медаль салды.

Осыдан кейін Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшыны қабылдап, Президенттің арнайы Алғыс хатын табыстады. Кездесу барысында министр спортшылардың әлем чемпионатындағы жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы уақытта да ел намысы сыналатын маңызды турнирлерде табысты өнер көрсетуіне тілекші екенін жеткізді.

«Кейінгі жылдары елімізде каратэ спорты қарқынды дамып келе жатыр. Бұған сіздердің қосып жүрген үлестеріңіз орасан зор. Жуықта Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылған Жазғы Азия ойындарында екеуіңіз де жүлдегерлер қатарынан көрініп, жанкүйерлерді қуаныш пен шаттыққа бөледіңіздер. Енді міне, арада көп уақыт өтпей әлем біріншілігінде де тұғырдың ең биік сатысынан көріндіңіздер. Сіздерге алдағы уақытта да ел намысы сыналатын маңызды турнирлерде табыс тілеймін», — деді Ермек Маржықпаев.

Айта кетерлігі, Мөлдір Жаңбырбай Токио Олимпиадасында жартылай финалда жапондық Михо Мияхараға есе жіберіп, жарыс жолын аятаған болатын. Ал келер жылы Париж Олимпадасында еліміздің намысын қорғап, көт туымызды желбіретуге бар күшін салатындығы анық.

Әлем чемпионаты: Шайбалы хоккейден Қазақстан жастар құрамасы Даниямен ойнайды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Хоккейдегі тарихи жеңіс

Спорт саңлақтарының тарихи жеңісі хоккейден де тіркелді. 20 желтоқсанда хоккейшілеріміз Мажарстан астанасы Будапеште ұйымдастырылған шайбалы хоккейден жастар арасындағы IA дивизионының әлем чемпионы атанды. Жерлестеріміз бастапқы төрт ойында Мажарстан, Франция, Дания және Жапония құрамаларын тізе бүктірсе, соңғы матчта Аустрия жастарына булиттер сериясында есе жіберді.

Жарыс қорытындысында Сергей Старыгин шәкірттері 13 ұпаймен топ жарды. Франция құрамасы — екінші, даниялықтар үшінші орынға ие болды. Ұлттық құрама қақпашысы Владимир Никитин турнирдің үздік қақпашысы атанды.

Жастар құрамасының осы жеңісінен кейін Қазақстан тарихи жетістікке қол жеткізді. Демек, 2024 жылы өтетін әлем чемпионатының топ-дивизионында бірден үш құрамамыз — жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

«Биыл біздің шайбалы хоккейден әр жастағы ұлттық құрамаларымыз тамаша нәтижеге қол жеткізіп, тарихта алғаш рет әлем чемпионатының элиталы дивизионында ойнайтын болды. Осы нәтижелерден-ақ елімізде шайбалы хоккейдің қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады. Жігіттер халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның хоккей елі екенін дәлелдеді», — деген еді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

шахмат
Фото: Kazinform

Шахмат корольдері

Бүгінде Қазақстанды шахмат державасына айналды десек, артық айтқандық емес. Халықаралық додаларға аттанған шахматшыларымыздың қай-қайсысы да елге жүлдесіз қайтқан емес. Тіпті, атағы жер жарған спортшылардың өзін жер қаратқан жерлестеріміз де бар. Айталық, Qatar Masters турнирінде әлемнің бес дүркін чемпионы Магнус Карлсен 23 жастағы қазақстандық гроссмейстер Әлішер Сүлейменовтен жеңіліп қалып, сәтсіздігін «қарсыласының қолындағы сағатына байланысты зейінін жоғалтуымен» түсіндіргені есте.

зейнеп сұлтанбек
Фото: Қазақстан шахмат федерациясының Instagram парақшасы

Дарынды жас шатматшылардың бірі — Зейнеп Сұлтанбек. Ол 7 желтоқсанда Шри-Ланкада шахматтан қыздар арасындағы Батыс Азия чемпионатының абсолютті чемпионы атанды. Түркістан облысының шахматшысы жылдам шахмат чемпионатында қарсыластарынан басымдығын көрсетіп, кейін классикалық турнирде жеңіске жетті. Ал финалда блицте үздік атанды. Нәтижесінде үш алтын медаль қанжығалады.

16 қазанда Италияның Пула қаласында өткен шахматтан 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында отандасымыз Ксения Балабаева блицтен чемпион атанса, Әмина Қайырбекова күміс жүлдеге ие болды. Қазақстанның қос шахматшысы 8,5 ұпайдан жинап, жарысты тең аяқтады. Тек қосымша көрсеткіштер бойынша Ксения басымдыққа ие болып, алтыннан алқа тақты.
27 қазанда Мысырдың Шарм эль Шейх қаласында өткен әлем чемпионатында Данис Қуандықұлы 10 жасқа дейінгі балалар арасында бірінші орынды жеңіп алды.

13 маусымда Грузияның Батуми қаласында рапид және блиц шахматтан кадеттер мен жастар арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Швейцариялық жүйе бойынша 11 раундтан тұратын бұл бəсекеге 35 елден келген 450-ден астам ойыншы қатысты. 6 күнге созылған турнирде Қазақстан құрамасының өрендері 2 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды. Айару Алтынбек (U-12) пен Зарина Нұрғалиева (U-14) қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.

шахмат
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

15 мамырда 16 жастағы Алуа Нұрманова жаһандық Pro Chess League финалында қазіргі әлем чемпионы қытайлық Цзюй Вэньцзюнді жеңді. Сол күні Бибісара Асаубаева Берлинде өткен Armageddon Women’s Chess Week турнирінде үздік атанды.

24 сәуірде Грекияның Родос қаласында өткен мектеп оқушылары арасында шахматтан әлем чемпионаты 9 жасқа дейінгі ойыншылар арасында классикалық шахматтан Аланна Берікқызы керемет нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Ол швейцариялық жүйе бойынша 9 партияның сегізінде жеңіске жетті. Отандасымыз шешуші матчта негізгі қарсыласы моңғолиялық Целмуун Идерден (8 ұпай) басым түсті. Ал бұл додада елімізден шыққан екінші чемпион — Әмина Қайырбекова. Ол 17 жасқа дейінгі санатта 8 кездесуді ұтып, түркиялық Зейнеп Чифтинді (7,5 ұпай) артта қалдырды.