UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов атыраулық жанкүйерлерімен кездесті

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов атыраулық жанкүйерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауға жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов келді. Оны қала тұрғындары жылы қарсы алды. Жекпе-жек шебері жергілікті фанаттарымен кездесу ұйымдастырды. Кездесуде отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері залдағы алдыңғы қатардан орын алды.

«Бес, он, он бес жыл бұрынғы қателіктер мен сәтсіздіктерден сабақ алу қажет. Өйткені, бұл болашақта жаңа жетістікке жетуіңе көмектеседі. Біз тек уақытында сабақ алып, дұрыс шешім қабылдауды үйренуге тиіспіз. Дүниеге келе сала ешкім чемпион болмайды. Чемпион болу үшін еңбектену, тәжірбие жинау, белгілі бір кезеңдерден өту керек. Кез келген салада солай. Артымнан ерген жастарға осындай кеңес айтқым келеді», - деді Хабиб Нурмагомедов.

Кездесуде Хабиб Нурмагомедов облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің 20 тәрбиеленушісін сахнаға шақырды. Олардың әрқайсысына ойыншықтар мен өзінің авторлық кітабын сыйға тартты. Балалармен естелік суретке түсті.

Бүгін Атырауда жеңіл салмақтағы UFC чемпионының әкесі Абдулманап Нурмагомедов атындағы «Eagle FC 51» ережесіз жекпе-жегі өтеді. Осыған орай, жекпе-жекке қатысатын спортшылар көз түйістірді.

Жекпе-жек сағат 17:00-де басталады. Оған Атырау облысының 4 спортшысы қатысады.


Фото өңірлік коммуникациялар қызметі


Соңғы жаңалықтар