UFC: Исмағұлов жеңісінен кейін Қазақстан мен РФ Туларын алып шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресейде тұратын қазақ Дамир Исмағұлов Қытайда өткен UFC Fight Night кешінде бразизиялық Тьяго Мойзесты тізе бүктіріп, рингке Қазақстан мен Ресейдің Туларын алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

UFC: Исмағұлов жеңісінен кейін Қазақстан мен РФ Туларын алып шықты

Орынбор (РФ) ММА федерациясының ВКонтакте парақшасында хабарланғандай, UFC Fight Night 157 кеші Қытайдың Шэньчжэн қаласындағы «Universiade Sports Centre» аренасында өтті. Дамир Исмағұлов бұл жолы бразилиялық Тьяго Мойзеспен жекпе-жекке шыққан еді. Бүкіл айқастың басым бөлігін қос қарсылас жұдырықтасып, тікесінен тік тұрып өткізгенімен, ұрымтал сәттердің бірінде Дамир қарсыласын алып ұрып та үлгерген.

«Үш раунд бойы Дамир айқын басымдықты көрсетті. Мозес сауатты түрде қорғана білгенімен, қарсыласына пәрмен таныта алған жоқ. Алғашқы раундта зорығып қалғандықтан, Дамир оны жақындатпай, алыстан соққы жасаумен болды. Нәтиже – жеңіс. Америкалық промоушенде Дамир Исмағұлов үшінші жеңіске жетіп отыр», - делінген хабарламада.


Сондай-ақ, 15 миллионнан артық жазылушысы бар UFC-дің Instagram-дағы парақшасында Дамирдің өз жеңісін ерекше сипатта тойлап жатқанын көруге болады. Жеңіске жеткенін естіген қандасымыз ортаға шығып, жерден кеудені көтеру жаттығуын бірнеше рет орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды.


«Төрешілердің бір ауыздан берілген жеңісін дәл осылай кім тойлайды?» - делінген UFC парақшасында. Сондай-ақ спортшының қолынан Қазақстан мен Ресейдің Мемлекеттік туларын көруге болады.

Еске сала кетсек, Дамир Исмағұлов UFC аясында - екінші және кәсіби мансабында 18-інші жеңісіне Чехияның Прага қаласында 145-ші UFC Fight Night турнирінде қол жеткізген болатын.