ҰҒА академигі Алшынбай Рақышев «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрмет медалімен марапатталды
Алшынбай Рақышев Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі атынан «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрмет медалімен марапатталды.
Марапатты Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов табыс етіп, Алшынбай Рақышұлын 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Алшынбай Рақышұлы көрнекті ғалымдардың бірі емес, бірегейі. Ол алпыс жылдан астам шығармашылық және педагогикалық стажы бар танымал дәрігер-ғалым ғана емес, сонымен қатар, көптеген талантты шәкірт тәрбиеледі, ғылымды дамытуға, кадрларды даярлауға және медициналық жоғары оқу орындарының казақстандық жүйесін қалыптастыруда үлесі зор. Академик Рақышев - әлемдік аренада кеңінен танымал тұлға. Ол ірі ғылыми форумдар мен конференцияларға қатысып, еліміздің атын шығарып, көптеген баяндамалар жасады. 1980 жылы Париж қаласында Лазерлерді медицинада қолдану жөніндегі Бүкіләлемдік қауымдастықтың президенті болып сайланды. Профессор Рақышевтың ғылыми қызметінің тағы бір қырын ерекше айтқым келеді. Әлекеңнің көп жылғы игілікті ісі - қазақ тілін өз саласында байыту және дамыту, қазақ медициналық терминологиясын қалыптастыру болды.Осы іспен студент кезінен айналысып келеді, ол анатомиялық терминдердің алғашқы латынша-орысша-қазақша сөздігін шығарған. Осы еңбек жолы әр кезеңде жалғасын тауып отырды. Медицина ғылымдарының докторы Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы терминологиялық комиссияның көп жылдар төрағасы болды, Қазақ ұлттық энциклопедиясының бас редакциясында жұмыс істеп, көптеген жетістіктерге жетті. Бір конференция шеңберінде академик Рахышевтың барлық сіңірген еңбегін айтып тауысу мүмкін емес. Ең бастысы, бұл - әр кезеңдегі бірнеше ғалымдар мен студенттердің асыл азаматқа, ғалымға және ұстазға деген құрметінің ерекше белгісі», - деді министр Бақытжан Жұмағұлов.