Угандада Эбола індетінің жаңа жағдайлары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Уганда аумағында Эбола вирусын жұқтырудың тағы үш жаңа жағдайы анықталды. Осылайша, инфекция жұқтырғандардың жалпы саны бес адамға жетті, деп хабарлайды ТАСС.

Угандада Эбола індетінің жаңа жағдайлары анықталды
Фото: unsplash

Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

— Вирус Уганда азаматтары — жүргізуші мен медицина қызметкері, сондай-ақ көршілес Конго Демократиялық Республикасынан келген әйелден табылған. Індетті жұқтырған екі адам бұған дейін осы дертке шалдыққан науқаспен байланыста болған адамдарды тексеру кезінде анықталған, — деп мәлімдеді ведомство.

Мамандардың айтуынша, соңғы үш апта ішінде ел аумағынан шықпаған екі угандалықтың ауру жұқтыруы инфекцияның ел ішінде тарала бастағанын көрсетуі мүмкін.

Бұған дейін Уганда билігі ел астанасы Кампала қаласындағы ауруханада Эболадан көршілес Конго Демократиялық Республикасының азаматы қайтыс болғанын хабарлаған еді. Ол індеттің қазіргі ошағы саналатын Конгоның Итури провинциясынан келген. Бұл өңір Угандамен шектеседі.

Ал екінші науқасқа қатысты жағдай әлі нақты емес. Ол да — Конго Демократиялық Республикасының азаматы. Қайта жүргізілген зертханалық талдаулар оның қанынан Эбола вирусын растаған жоқ. Алайда бұл оның сауығып кеткенін білдіре ме, әлде бастапқы диагноз қате қойылды ма — әзірге белгісіз.

Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда билігі 15 мамыр күні өз аумақтарында Эбола індетінің өршуі басталғанын жариялады. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір індеттен 177 адам қайтыс болып, тағы шамамен 750 адам вирус жұқтырды деген күдікке ілінген.

Айта кетейік, Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Эбола індетінің ошағына айналған аурухананың бір бөлігіне ашулы топ шабуыл жасап, оқшаулау шатырларын өртеп жіберді.