Үгіт - насихат науқаны аяқталған соң үгіт жүргізгендер әкімшілік жауапқа тартылады - ОСК мүшесі Т.Охлопкова

АНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауының үгіт-насихат шараларын жүргізу мерзімі аяқталған соң, яғни 2 сәуірден бастап үгіт жүргізген адам әкімшілік жауапқа тартылады.

Үгіт - насихат науқаны аяқталған соң үгіт жүргізгендер әкімшілік жауапқа тартылады - ОСК мүшесі  Т.Охлопкова

Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова мәлім етті.

Оның сөзінше, 1 сәуір күні түнгі сағат 24-00-де кезектен тыс Президент сайлауының үгіт-насихат науқаны аяқталады. «Ал 2 сәуірден бастап, кез-келген үгітке тыйым салынады. Үгіт жұмыстарын жүзеге асырған сайлаушы болсын, саяси партия мен қоғамдық бірлестік өкілі болсын әкімшілік жауапқа тартылады. Бұны еліміздің барлық азаматтары білулері керек»,-деді ОСК мүшесі.

Оның айтуынша, белсенді сайлау құқығы бар Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қандай да бір себептерге байланысты сайлаушылар тізіміне енбей қалса және учаскелік сайлау комиссиясы оны сайлаушылар тізіміне енгізуден бас тартса, тізімге енбей қалған азамат жоғарғы тұрған сайлау комиссиялары мен сотқа шағымдана алады. Сайлау күні осы тектес арыз-шағымдардың барлығы құзырлы органға түскен мезетте қаралады.