Уго Чавес М.Калашниковтың мерейтойына сыйлық жасады
АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат - Венесуэла Президенті Уго Чавес атыс қаруының ресейлік конструкторы Михаил Калашниковке Симон Боливардың семсерінің көшірмесін табыс етті,
деп хабарлайды «Эхо Москвы» радиостансасы. Құттықтау хат пен бағалы сыйлық мерейтой иесіне Ижевскіде табыс етіледі.
Алтынмен апталып, 1300 асыл таспен әшекейленген семсер 1825 жылы Боливар үшін арнайы жасалған болатын және ол ұлттық жәдігер болып табылады.
Бұған дейін осындай сыйлықтар Венесуэламен қарым-қатынасқа айтулы үлес қосқан достас мемлекеттердің басшыларына табыс етіліп келген.
Симон Боливар - көзінің тірісінде Азат етуші құрметті атағы берілген латынамерикандық батыр.
Естеріңізге сала кетейік, генерал-лейтенант, техника ғылымдарының докторы, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері, Ресейлік қару жасаушылар одағының президенті, Сталиндік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты, Әулие Андрей Первозванный атындағы орденнің иегері Михаил Калашников кеше 90 жасқа толды.
Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев сейсенбі күні Михаил Калашниковты Кремльде қабылдады және оған жоғары мемлекеттік награда - Ресейдің Батыры жұлдызын тапсырды.