Уго Чавес Венесуэланы соғысқа дайындалуға шақырды

АСТАНА.  Қарашаның  9-ы. ҚазАқпарат -  Венесуэла  президенті Уго  Чавес  Колумбия мен  АҚШ-тың арасында жақында қол қойылған   әскери ынтымақтастық туралы    шартты   тағы  да сынға алып,  отандастарын    және  армияны соғысқа дайындалуға шақырды,  деп  хабарлады  жексенбі күні  Венесуэланың VTV  телеарнасы.

Уго  Чавес   Венесуэланы   соғысқа дайындалуға  шақырды

«Империя   тірі  және    бізге  бұрынғыдан да  бетер қауіп төндіріп  отыр.  АҚШ    базасы  ел  астанасы  Каракастан  20 минуттай  жерде  орналасқан.  Жолдас офицерлер, біздің  негізгі міндетімізді орындау  үшін   -   соғысқа дайындалу  және    халыққа соғысқа дайындалуға көмектесу  үшін    бір күнді  де бос жібермеуіміз  керек,   себебі  бұл    баршамыздың   міндетіміз», - деп мәлім етті Венесуэла президенті   Португес  штатындағы   Акаригуа қаласында әскерилердің алдында  сөйлеген  сөзінде.

Чавес сондай-ақ,    милиция  құрылымдарын   құруды  жеделдетуді,    «революцияшыл студенттерді,    еңбекшілерді  және  әйелдерді»  әскери  іске оқытуды   ұсынды.   Чавестің     сөзі    апта сайын жексенбі күні   болатын  «Алло, президент»  телерадиобағдарламасының  эфирінде   көрсетілді.