«Ұғымға жұмбақ ұлу жылы» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 31 желтоқсан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақпараттық дауларды қарау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ТМД-дан байқаушылар миссияларының, «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» РҚБ-нің өкілдері, сондай-ақ ЖСДП мен «Әділет» демократиялық партиясынан байқаушылар қатысты. Кеңес мүшелері Орталық сайлау комиссиясы Байланыс және ақпарат министрлігімен бірлесіп өткізетін БАҚ мониторингінің аралық қорытындыларын талқылады. Бұл туралы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Байланыс және ақ­па­рат вице-министрі Ләззат Таныс­бай баяндады. Оның хабардар етуінше, мониторинг 53 баспа ба­сылымдарын, 13 республикалық телеарналар мен 5 радио­арна­лар­ды қамтиды. Бұл жайында тереңірек «Тең жағдайда және бірдей мөлшерде» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.

«Орталық сайлау комиссиясының кешегі отыры­сын­да Комиссия Қазақстан халқы Ассамблеясы сай­лайтын Парламент Мәжілісі депутаттығына 9 кан­ди­дат­ты тіркеді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Ассамблея сайлайтын кандидаттары тіркеді» деген тақырыптағы мақаласында. Күнтізбелік жоспарға сәй­кес 2011 жылғы 31 жел­тоқ­санда Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Пар­ламент Мәжілісі депутат­ты­ғына кандидаттарды тіркеу аяқталады. Сайлау ту­ралы заң бойынша Ассамблея Ке­ңе­сі 9 кандидат ұсынған бо­латын. Орталық сайлау ко­мис­сиясы олардың барлы­ғын тіркеді. Үміткерлердің ішінде екі әйел бар. Кан­ди­даттардың орташа жасы - 59 жас. Олар­дың барлығы жоғары білімді. Алтауы ғы­лым, мәде­ниет және білім са­л­аларының қызметкерлері. Та­ғы үш үміткер - төртінші шақы­рыл­ған Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мә­жі­лісінің де­путаттары. Тіркелген кандидаттар сайлау­ал­ды үгіт жұмысына 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап кі­рісе алады.

***

Енді ғана төрге жайғасқалы отырған 2012 жылдың еншісі қандай болмақ? Бұл сұрақ, әсіресе, мерекені асыға күтіп, жылды жаңа үрдісте қарсы алу сол жылдың жақсы өтуіне себеп дегенге сенетіндер үшін маңызды. Ендеше Ұлу жылының жалпы болмысына, мүшел иесінің қандай хайуан екендігіне көз жеткізгіңіз келсе, «Астана ақшамы» газетіндегі «Ұғымға жұмбақ ұлу жылы» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.

***

Жаңа жыл қарсаңында астаналық нұротандықтар тағы да сайлаушы­лар­мен кездесті. Жалпы, бұл күндері «Нұр Отан» партиясының насихат жұмысы «Есіктен - есікке» ұранымен жүріп жатыр. Сайлауалды науқанға арнайы жаттығу сабақтарынан өткен 64 ерікті жұмылдырылған. Бұл жұ­мыс күнделікті жедел үгіт топта­рын­да, үгіт бекеттерінде жүзеге асыры­лу­да. Ең бастысы, ол түрлі ортада, түр­лі топтарда, сонымен қатар, нақ­ты өңірлер мен аудандарда жеке-жеке атаулы ретте қолға алынуда. Партия тұғырнамасын жан-жақты түсіндіру бойынша еліміз көлемінде үш мыңға жуық жедел үгіт топтары жүр. Олар қазірдің өзінде көптеген отбасыларына барып үлгерді. Соны­мен қатар, барлық ірі сауда орта­лық­тарында, базарларда, қалалар мен ауылдарда партияның үгіт бекеттері жұ­мыс істеуде. Олардың саны - рес­пуб­ликамыз бойынша екі жарым мың. Нұротандықтар үгіт материал­да­­рын та­ратып, сайлаушылармен әңгімелеседі. Бұл туралы «Казахстанская правда» газетіндегі «От двери к двери» деген тақырыптағы мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

***

Жаңа жыл күні шаңырақ көтеріп, отбасы құру қызықты идея сияқты. Дегенмен осындай қадамға аяқ басқан астаналықтар да аз емес екен. Олар түнгі сағат 12-ні соққанда неке қидырғысы келген 24 астаналық жұп Алматы аудандық ЗАГС-ке өтініш беріпті. Бұл жайында «Вечерняя Астана» газетіндегі «Под венец - на Новый год» деген мақаладан біле аласыздар.

Соңғы жаңалықтар