ҮИИДМБ: «Аврора» өндірістік кешені 40-тан астам препараттың шығарылымын жолға қойды

«Аврора» өндірістік кешені медициналық ұйымдардың, коммуналдық мекемелердің, тамақ өнеркәсібінің қажеттілігіне арналған залалсыздандыратын және антисептикалық дәрілер шығаратын отандық зауыт. 2012 жылдан бері 2012-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болып келеді.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 10,8 мың тоннаны құрайды. Өндіріске тартылған инвестиция құны 970 000 000 теңгеден астам соманы құрайды. Кешен 40-тан астам препаратты тіркеп, олардың шығарылымын жолға қойды.
Кәсіпорын Орталық Азиядағы залалсыздандыратын құралдар өндірісі бойынша ең ірі және заманауи зауыт болып табылады, сондай-ақ ТМД-дағы ірі зауыттардың бірі. Компанияның басты міндеті - ұқсас өнімдердің импортын алмастыру.
Бүгінгі таңда зауыт жаңа рецептураларды әзірлеу бойынша Германияның, Ресей мен Беларусьтің жетекші ҒЗИ-мен тығыз байланыс орнатқан. Залалсыздандыратын дәрілердің өндірісіне қажет шикізатты жеткізушілер - Akzonobel, BASF, Huntsman, Clariant секілді жетекші еуропалық химиялық концерндер.
2014 жылы Ресей Федерациясының 15 өңірінде өзіндік сауда желісінің филиалдары ашылды. Қазіргі таңда Ресейге 300 тоннадан астам өнім жөнелтілді.