09:15, 26 Мамыр 2016 | GMT +5
Уильям Шекспир шығармаларының жинағы бәссаудада 3,6 млн. долларға сатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Уильям Шекспир шығармалары жинағының бірегей алғашқы басылымдары Christie's бәссаудасында 3,6 млн. жуық долларға сатылды.

Бұл туралы бәссауда үйінің сайтында орналастырылған хабарламада айтылады, деп жазады ТАСС.
Автордың алғашқы әрі ең сирек кездесетін шығармалар жинағы 1623 жылы жарық көрген, оған 36 пьеса кіріп отыр, соның ішінде 18-і бұған дейін жарияланбаған. Бастапқыда басылым 1,1-1,7 млн. долларға бағаланған, бірақ 2,7 млн. долларға сатылды. Тағы басқа үш фолиант 1632, 1664 және 1685 жылдары шыққан. Олар сәйкесінше 281,6 мың, 524,9 мың және 68,8 мың долларға сатылды.
Бәссауданың алдында басылымдар Нью-Йорк және Лондон жұртшылығына таныстырылды.
The Daily Mail газетінің жазуынша, барлық лоттарды есімі аталмаған американдық топтамашы сатып алды.