Уимблдон: Елена Рыбакина ширек финалға жолдама алды

Елена Рыбакина
Фото: ҚТФ

ЛОНДОН. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің ширек финалына шықты.

Отандасымыз төртінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар өзара төрт рет кездескен, есеп тең еді - 2:2. Бұл жолы Калинская матчты брейкпен бастады - 2:0. Бірақ Рыбакина таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті алды - 6:3.

Екінші партияда Елена 3:0 есебімен алға шыққаннан кейін Калинская бәсекені жалғастырудан бас тартты. Небәрі 50 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 7 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Ресейлік теннисші 1 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, Украина өкілі Элина Свитолина немесе рейтингіде 42-сатыдағы қытайлық Синьюй Ванның қай жеңгенімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Әмір Омархановтың жасөспірімдер арасында алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар