Уимблдон: Кукушкин мен Евсеев іріктеу сайыстарының финалына шықты

ЛОНДОН. KAZINFORM – Қазақстандық теннисшілер Михаил Кукушкин мен Денис Евсеев Уимблдон турнирі іріктеу сайыстарының финалына шықты. 

Кукушкин
Фото: kukushkin_mikhail/Instagram

Әлемнің 132-ракеткасы Кукушкин іріктеу кезеңінің жартылай финалында дүниежүзілік рейтингіде 152-орында тұрған франциялық Бенджамин Бонзидің мысын басты. Қазақстандық теннисші қарсыласынан 6:4, 7:5 есебімен басым түсті. Бір сағат 21 минутқа созылған бәсеке барысында ол 3 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Бонзи 10 эйспен көзге түсті.

Михаил Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 70-ракеткасы, тағы бір франциялық Юго Гастон немесе рейтингіде 199-сатыдағы хорватиялық, 18 жастағы Дино Прижмичтің біреуімен кездеседі.

Әлемнің 163-ракеткасы Д.Евсеев рейтингіде 133-орындағы франциялық Титуан Дрогенің меселін қайырды – 6:4, 7:6 (7:3). Бұл матч та 1 сағат 21 минутта бітті. Денис 9 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Дроге 3 эйс, 2 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алған жоқ. 

Денис Евсеев әлемнің 179-ракеткасы, бельгиялық Зизу Бергс немесе рейтингіде 140-сатыдағы франциялық Пьер-Юг Эрбердің біреуімен ойнайды. 

Бүгін сондай-ақ Уимблдонда Тимофей Скатов, Бейбіт Жұқаев және Зарина Дияс сынға түседі. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар