Уимблдон: Юлия Путинцева әлемнің экс 1-ракеткасын жеңді

Уимблдон: Юлия Путинцева әлемнің экс 1-ракеткасын жеңді
Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда «Үлкен дулыға» жарысының үш дүркін чемпионы, әлемнің экс 1-ракеткасы, қазіргі кезде 221-орында тұрған германиялық, 36 жастағы Анжелика Кербермен бетпе-бет келді.

Путинцева матчты қарқынды бастады – 3:0. Бұдан кейін Кербер есепті теңестіргенімен, қазақстандық спортшы есесін жібермеді – 7:5.

Екінші сетте есеп 4:3 болған мезетте Юлия брейк жасап, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3. Бір сағат 17 минутқа созылған ойында ол 2 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Кербер 4 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды.

Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 36-ракеткасы, чехиялық Катержина Синякова немесе рейтингіде 164-сатыдағы канадалық Марина Стакушичтің жеңгенімен шеберлік таластырады.

Ю.Путинцева өткен жылы Уимблдонда бастапқы айналымнан аса алмаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Уимблдон турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар