Уиткофф пен Кушнер Мәскеуге келді: Путинмен кездесуде не айтылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен Кремльде кездесті. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Америкалық келіссөз жүргізушілер сенбі күні Мәскеуге келді. Оларды Внуково әуежайында Ресей президентінің шетелдермен инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі, Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қарсы алды.
Кездесудің басында Владимир Путин америкалық өкілдерден АҚШ президенті Дональд Трампқа өзінің ізгі тілегін және алғысын жеткізуді сұрады.
Өз кезегінде Стив Уиткофф келіссөздер өтуі үшін Киевке үш күн бойы соққы беруді тоқтатқаны үшін Путинге алғыс айтты.
Путиннің айтуынша, бүгін түнгі сағат 00:00-ден бастап Киевке соққы жасалған жоқ. Ол атысты тоқтату туралы өтініштің ресми арналар арқылы түскенін айтып, Украина тарапының шабуыл санын едәуір азайтқанын атап өтті.
Бұған дейін Дональд Трамп Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Мәскеуге соғысты тоқтатуға қатысты ұсыныс апаратынын мәлімдеген. Алайда Трамп бұл ұсыныс жаңа бастамаларға қатысты ма деген сұраққа теріс жауап берген.
Мәскеудегі келіссөздерден кейін АҚШ өкілдері Киевке баруды жоспарлап отыр. Бұл олардың соғысты реттеу мәселесін талқылау үшін Украина астанасына жасайтын алғашқы сапары болмақ.
Айта кетейік, АҚШ Президенті Дональд Трамп арнайы өкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнердің Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі жаңа миссиямен Ресейге баратынын растады.
Бұған дейін Axios Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Ресей-Украина дағдарысын реттеу жолдарын талқылау үшін Мәскеу және Киевке баратынын хабарлаған.