Үкімет 2010-2014 жылдарға арналған тарифтік саясат жөніндегі салалық бағдарламаны мақұлдады
бағдарламаның негізгі мақсаты - активтерді жаңғырту мен жаңартуға инвестицияларды ынтыландыру, электр энергиясы мен суды үнемдеу, субьектілер ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру. Бағдарлама тиімді тарифтік саясатты жүргізуге арналған және негізгі 3 бағыттан тұрады. Бірінші бағыт - инвестициялық тарифтер бойынша жұмыс істейтін табиғи монополия субьектілерінің санын өсіру және инвестициялық міндеттемелердің орындалуын бақылау. Екінші бағыт - электр энергиясына және суға тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтерді енгізу, сонымен қатар нормативтен тыс ысыраптарды жою және нормативтік ысыраптарды оңтайландыру арқылы энергияны үнемдеу көзделіп отыр. Үшінші бағыт - шикізат пен материалдар, отын мен энергия шығысының, әкімшілік шығыстардың нормаларын оңтайландыру жолымен ресурстарды үнемдеуге бағытталған. Бағдарлама барлық мемлекеттік органдармен келісілген. Бұл ретте оны іске асыру республикалық бюджеттен ақшалай қаражатты бөлуді көздемейді. Үкімет мүшелері бағдарламаны бірауыздан қолдады.