Үкімет 2010 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін атқарды - Есеп комитеті

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Үкімет 2010 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін атқарды. Бұл туралы бүгін Парламентте 2010 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы Есеп комитетінің есебін ұсынған аталған ведомствоның басшысы Омархан Өксікбаев айтты.

Үкімет 2010 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін атқарды - Есеп комитеті

«Біздің бағалуымызша, Үкімет 2010 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлерін атқарған, дегенмен оны орындау барысында 2 мәрте нақтылап, бюджетке 16 рет түзету енгізген», - деді ол.

Оның атап өтуінше, республикалық бюджеттің кірістері мен шығыстарының атқарылуына жүргізілген талдау мен бағалау республикалық бюджеттің қалыптастырылуы мен атқарылуы, сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштерді болжау барысында кемшіліктерге жол берілгенді айқындалған. «Мәселен, Үкімет еліміздің экономикасының дамуы, әлемдік экономиканың жандануы, сұраныстың қалпына келтірілуі және сыртқы баға конъюнктурасының тұрақталуы үдерістерін жеткілікті дәрежеде зерделемеген», - деді Есеп комитетінің төрағасы.

Салық түсімдері бойынша сандық көрсеткіштер негізінен орындалғанымен салықтық әкімшілік етудің тиімділігін сипаттайтын сапалық көрсеткіштер төмендеп отырғандығын баса айтқан О.Өкісікбаев: «Бұған дәлел, 2010 жылдың соңында салықтық берешек 365 млрд. теңгеге, мерзімінде төленбеген салық 199 млрд. теңгеге жетіп, өсу үдерісі орын алып отыр. 2009 жылмен салыстырғанда салықтық берешек 1,8, мерзімінде төленбеген салық 1,9 есеге ұлғайған», - деді.