Үкімет 2011 жылға арналған экономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы мәлімдемені бекітті
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада ҚР Үкіметінің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің 2011 жылға арналған экономикалық саясатының негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі бекітілді.
Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанованың айтуынша, 2011 жылы Үкіметтің, Ұлттық банктің және қаржылық қадағалау агенттігінің жүргізетін экономикалық саясаты Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға бағытталған индустриялды-инновациялық дамудың бағдарламасын жүзеге асыруға, жұмыспен қамтудың тұрақтылығын және халық табысының өсуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім беруді, денсаулық сақтауды және тілдерді дамытуды қосқанда адамзат капиталын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталмақ.
«Бәсекеге қабілеттілікті арттыруға макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инвестициялық және бизнес ахуалды жақсарту, технологиялық және инновациялық даму деңгейі, сондай-ақ Кеден одағы және бірыңғай экономикалық кеңістік аясында сауда кедергілерін азайту мен экономикалық бірігуді кеңейту есебінен қол жеткізілетін болады»,-деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, бизнес ахуалды жақсарту мақсатында орталық деңгейдегі секілді өңірлік деңгейде де әкімшілік кедергілерді және рұқсат беру жүйесін азайту жұмысы жалғаспақ.
«2011 жылы баға тұрақтылығын және жылдық инфляция деңгейін ұстап тұруды қамтамасыз ету Ұлттық банктің ақшалай- несиелік саясатының басымды бағыты болып табылады»,-деді Ж. Айтжанова.