Үкімет 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландыру бағдарламасының жобасын Мемлекет басшысына маусым айында ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр индустрияландыру бағдарламасы аясында 137 индустриялық жоба іске қосылды. Оның инвестиция ауқымы 400 млрд теңгені құрап отыр. Бүгін ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай мәлімдеді.

Үкімет 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландыру бағдарламасының жобасын Мемлекет басшысына маусым айында ұсынады

Үкімет басшысының айтуынша, индустрияландыру бағдарламасы арқасында былтыр он бір мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

«Ағымдағы жылы индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығы аяқталады. Біз 750 млрд. теңгені құрайтын 130-ға жуық жаңа нысанды іске қосуды жоспарлаймыз. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет индустрияландыру бағдарламасына түзету енгізу жұмыстарын жалғастыруда. Онда Қазақстанның орнықты басымдығы болатын басым бағыттар мен салалар айқындалады», - деді Премьер-Министр.

С.Ахметовтің мәлім етуінше, еліміздің 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жобасы Мемлекет басшысының қарауына ағымдағы жылдың маусым айында ұсынылады.