Үкімет 2023 жылғы бюджеттегі мұнай бағасы мен доллар бағамын белгіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин 2023 жылғы бюджетті қалыптастыру кезінде Үкімет мұнайдың есептік бағасы мен доллардың теңгеге қатысты есептік бағамын қай деңгейде белгілеп отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет 2023 жылғы бюджеттегі мұнай бағасы мен доллар бағамын белгіледі
«Келер жылдағы бюджет болжамында мұнайға қатысты есепті баға барреліне 85 АҚШ долларын құрап отыр. 1 доллар үшін бағам 470 теңге шамасында белгіленген. Осы есептеулер аясында республикалық бюджеттің кірісі 16 трлн теңге деңгейінде қалыптасады», - деді А. Әмрин Сенатта заң жобасын таныстырғанан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2023 - 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы мақұлданды.

Осы орайда ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2023 - 2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы айтып берді.

Министрдің сөзіне қарағанда, болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастырудың негізі ретінде базалық сценарий алынды. Осы сценарий бойынша мұнайдың орташа бағасы барреліне 85$ деп көрсетілген. Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9% болады.