Үкімет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі жобасының жаңа редакциясын Мәжіліске ұсынды

АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкімет Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі жобасының жаңа редакциясын Мәжіліске ұсынды.

Үкімет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі жобасының жаңа редакциясын Мәжіліске ұсынды

 Бұл жоба Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2009 жылға арналған жоспарын іске асыру мақсатында әзірленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кодекс жобасының қажеттілігі Қазақстан Республикасының Әкімшілік-іс жүргізу кодексін әзірлеуге және қабылдауға байланысты болып отыр. Осыған орай Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен іс жүргізу нормалары алынып тасталады да, жаңа редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі қабылданады.

Бұдан басқа Кодекс жобасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Әкімшілік заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымдары ескерілген. Осылайша, Кодекс жобасы төмендегі проблемалық мәселелерді шешуге бағытталып отыр.

Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі қандай да бір саланың тұтастай алғанда, ережелерге, заңнамаға сілтемелер заңнаманы бұзушылықтары үшін жауапкершік белгіленген көптеген баптарды қамтиды. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі өзінің 2008 жылғы ақпанның 27-сіндегі нормативтік қаулысында «адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиіс» деп түсінік берген.

Осыған байланысты Кодекс жобасында әкімшілік жауапкершілікке тарту мен жазалаудың көптеген негіздері нақтыланып отыр.