11:44, 08 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үкімет алда тұрған міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін бірқатар заң жобаларын Мәжіліске енгізді
АСТАНА. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет алда тұрған міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін бірқатар заң жобаларын Мәжіліске енгізді.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жаңа 2009 жылғы алғашқы отырысында сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өз сөзінде Мәжіліс Төрағасы жақында Мемлекет басшысының 2009 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамды беталысына орай Үкіметке қосымша шаралардың ауқымды кешенін іске асыру жөнінде тиісті тапсырма бергенін жеткізе келе, бұндай бағыттардың бірқатарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, ендігі күні Үкімет халықты жұмыспен қамтамасыз етуге, жұртшылықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға, үлескерлер проблемаларын шешуге, «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасын жеделдете іске асыруға, бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған өндірістерді тездете қалыптастыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және әкімшілік кедергілерді мейлінше азайтуға қатысты шараларды жүзеге асыратын болады.
«Осы орайда экономиканы тұрақтандыруға, кадрларды даярлау мен қайта даярлауға бөлінетін мемлекеттік қаражатты тиімді игеру, заңсыз көші-қонға бақылауды күшейту, атаулы әлеуметтік көмектің ауқымын кеңейту мәселелеріне баса мән берілуі тиіс. Үкімет алда тұрған міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін бірқатар заң жобаларын Мәжіліске енгізді. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық сала, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, әлеуметтік ? кәсіпкерлік корпорациялар, микроқаржылық ұйымдар, астық нарығын реттеу және агроөнеркәсіптік кешеннің кейбір бағыттарын мемлекеттік қолдау, азық-түлік қауіпсіздігі, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану және тағы басқа мәселелер бойынша заң жобалары бар», деді Мәжіліс спикері. Жалпы Парламент Мәжілісі Үкімет ұсынған аталған заң жобалардан басқа, бірқатар әлеуметтік маңызы бар құжаттарды қарауды да көздеп отыр. Атап айтқанда, ағымдағы жылы «Ғылым туралы», «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» және тағы басқа заң жобалары халық қалаулыларының талқысына түсетін болады.