Үкімет Астана аудандарының шекарасын өзгерту туралы қаулының жобасын таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 17 ақпан күні «Вечерняя Астана» газетінде «Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласының аудандарының шекараларын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасы жарияланды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
None
None

Қаулы жобасында Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Заңының 5-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 6 ақпандағы  «Астана қаласының шекарасын өзгерту туралы» №418 Жарлығына негізделіп, Астана қаласы аудандарының шекараларының сипаттамасы және схемалық картасы бойынша, Астана қаласы аудандарының шекаралары белгіленді.

Аудандар шекараларының сипаттамасы:

Жобаға сәйкес, «Алматы» ауданының солтүстік шекарасы Ақбұлақ өзенінен; одан ары 101 көшесінен (жобалық атау), одан ары А. Пушкин көшесінің шығысындағы көшеден (A-344), одан ары Ақбұлақ өзенінен; шығыс жағы Астана қаласының қазіргі шекарасының бойымен; оңтүстік шекарасы Есіл өзенінен; батыс шекарасы Есіл өзенінен, одан ары Ақбұлақ өзені бойымен өтеді.

Сарыарқа ауданының солтүстік шекарасы теміржол; шығыс шекарасы Бөгенбай батыр даңғылы, одан ары Республика даңғылымен; оңтүстік шекарасы Есіл өзені, батыс шекарасы Астананың қазіргі шекарасымен шектеседі.

Есіл ауданының солтүстік шекарасы Есіл өзені бойымен; оңтүстік-шығыс, оңтүстік және оңтүстік-батыс шекаралары елорданың қазіргі шекарасымен өтеді. Ауданға 7300 гектар Майбалық көлі мен Ұлттық пантеон кіреді (959 га).

Жаңадан құрылып жатқан әкімшілік ауданның солтүстік шекарасы Астананың қазіргі шекарасымен; шығыс шекарасы Ақбұлақ өзенінен, одан ары 101 көшесімен (жобадағы атау); одан ары А. Пушкин көшесінің шығысындағы көшеден (A-344), одан ары Ақбұлақ өзенінен; оңтүстік шекарасы Есіл өзенінен, одан ары Республика даңғылынан; одан ары теміржолға дейін Бөгенбай батыр даңғылынан, кейін теміржолдың бойымен Астананың қазіргі шекарасынан; батыс шекарасы Астананың қазіргі шекарасынан өтеді. Ауданға қалалық мола (460 га) кіреді.

Бұдан тыс, «Астана ақшамы» газетінде Астана қаласы мәслихатының 2008 жылғы 18 тамыздағы № 134/21-IV бірлескен шешімін және Астана қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 22 тамыздағы «Астана қаласындағы аудандардың шекаралары туралы» № 66 қаулысын күшін жойды деп тану туралы Астана қаласы мәслихатының бірлескен шешімінің және Астана қаласы әкімдігі қаулысының жобалары да жарияланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана мәслихатының депутаттары Астананың жаңа ауданын Байқоңыр деп атауға қолдау білдірген болатын. Бірақ бұл мәселеде әлі нақты шешім қабылданған жоқ.

Соңғы жаңалықтар