Үкімет ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің кешенді жоспарын бекітті
АСТАНА. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібінің өнімін қайта өңдеуді дамыту бойынша іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді.
2020 жылға дейін ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеу саласына шамамен 120 млрд. теңге қаржы құйылатындығын атап өткен Үкімет басшысының пайымынша, бұдан бөлек тең қаржыландыру, даму институттарының қаражаттарын тарту тетіктерін де қарастыру қажет. «Менің ойымша, бұл салаға кемінде 2 еседен астам қаржы құйылатын болады», - деді С.Ахметов.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, кешенді жоспар жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген. Жоспар Елбасының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында әзірленген. «Сондықтан да кешенді жоспар жобасын бекітуге дауыс беруді ұсынамын», - деді Үкімет басшысы.
Осыдан кейін Министрлер кабинетінің мүшелері жоспар жобасын бірауыздан мақұлдады. «Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі оның орындалуын қатаң бақылауға алуы тиіс», - деп қорытындылады отырысты Премьер-Министр.