Үкімет ауылдың ахуалын арттыруға бағытталған Елбасы тапсырмасын орындауға асығар емес - Р. Халмұрадов

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Ауылдың ахуалын арттыруға бағытталған Елбасы тапсырмасын Үкімет орындауға асығар емес. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Розақұл Халмұрадов осылай мәлім етті. Еске сала кетейік, жалпы отырыста «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқыланған болатын.
None
None
«Осыдан бір айға жуық бұрын Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н. Назарбаев экономиканың барлық салаларын, оның ішінде ауыл шаруашылығы министрлігін де қатаң сынға алған болатын. Бұдан кейін төртінші қарашада Президент Әкімшілігінің Басшысы және оның орынбасарларымен өткізген жиында Елбасы өзінің Үкіметке берген тапсырмасынан еш нәтиже шықпағанын айтып өтті. Ал біз талқылап жатқан заң жобасында агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды мемлекеттік реттеу туралы заңына өзгеріс енгізу арқылы дамыту көзделеді», дей келе депутат бүгінгі күні ауылдық елді мекендердің ахуалы нашарлап баратындығын алға тартты. «Бүгінгі заң жобасымен ауыл жастарын, ауыл шаруашылығының мамандарын елге қайтару үшін бюджеттен қаржы бөлуді қарастырамыз. Себебі ауылда жастар үшін қажетті инфрақұрылым жоқ. Басты себеп содан. Қала мен ауылға тең жағдай жасалса жастар ауылдан қашпас еді», - дейді Р. Халмұрадов. «Ауыл шаруашылығы министрі ретінде емес, Үкімет мүшесі ретінде сізге сұрақ қойғым келеді: Президенттің ауылдық инфрақұрылымды дамытуға қатысты тапсырмасын Үкімет қашан және қалай атқармақ?», - деді ол. Өз кезегінде министр Асылжан Мамытбеков депутаттың ұстанымымен толық келісетінін айтып, ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақты дамыту тек агробизнеспен ғана шектелмейтінін жеткізді. «Үкімет ауылға жас мамандарды апару үшін жан-жақты жұмыс жасалатын болады. Бұл үшін «Агробизнес-2020» бағдарласымен ұштасатын шаралар қабылдау бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Кеше ғана осыған қатысты жиналыс өтті. Барлық сұрақтар қайта қаралып, қай бағдарламаға қандай өзгерістер енгізу керектігі сараланды», - деді министр А. Мамытбеков.
Соңғы жаңалықтар