Үкімет әйелдерге арналған жаңа жұмыс орындарын ашуға кірісті - ҚР Премьер-Министрі

Бұл туралы бүгін «Хабар» телеарнасындағы «Жеті күн» бағдарламасына берген сұхбатында Үкімет басшысы Серік Ахметов мәлім етті.
«Жалпы осы зейнет жасын біріздендіруде, яғни ерлер мен әйелдердің жасын теңестіруде әлемдік тәжірибеде бұл мәселе қалай реттелген. Сосын әйелдердің әлеуметтік қорғалуы осы реформа негізінде іске аса ма?» -деп қойған тілші сауалына С. Ахметов: «Бұл - үлкен жұмыс. Біз Үкіметте жан-жақты қарап, зерделеп отырмыз. Бұндай мәселе біздің елде ғана туындап отырған жоқ. Бұл - әлемдік құбылыс. Оны баршамыз білеміз. Сондықтан әлемдік тәжірибе туралы айтсақ, көптеген елдер зейнетақы жасын ұлғайтуда. Әрине, біз жауапкершілікті сезініп отырмыз. Бұл тұрғыда әйелдерге арналған жаңа жұмыс орындарын ашуды, оларды барынша жұмыспен қамтуды қолға алудамыз. Осы мақсатта 2020 жылға дейін 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда»,-деп жауап қайтарды.
С.Ахметов Үкіметтің біріншіден, бала күтіміне байланысты демалыста отырған, екіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, үшіншіден, жұмыссыз жүрген әйелдер үшін арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлегенін жеткізді.
«Зейнет жасын көтерген мұндай тәжірибе басқа елдерде де бар. Сондықтан Үкіметте зейнеткерлікке жақындаған адамдарды әлеуметтік жағынан қосымша қорғау үшін «50+» бастамасын, яғни 50 жастан асқандарды жұмыспен қамту жоспарын қабылдадық»,-деп түйді С. Ахметов.